Қостанай қаласының прокуроры Әділхан Ерекешев мектепке бағалы ұялы телефон әкелуге тыйым салуды ұсынды, - деп хабарлайды "Костанайские новости".
"Мұндай бағалы заттарды мектепке әкелуге әкімшілік деңгейде тыйым салынуы керек деп есептеймін. Ол жақта ондайдың қажеті де жоқ. Оқушы білім беру мекемесінде Интернетте көңіл көтеріп, SMS арқылы хабарласып, әлеуметтік желілерде отырып, ән тыңдаудың орнына білім алуы керек. Ата-ана өз баласына байланыс үшін ғана қымбат емес телефон әперсе жеткілікті, ол телефонды тек байланыс үшін ғана қолданатын болады", - деп мәлімдеді қала прокуроры Әділхан Ерекешев.
Қалалық білім беру бөлімінің жетекшісі Василий Цимбалюктің айтуынша, әзірше мұндай шектеулерді енгізу қиын емес. "Біздің мұғалімдер сабақ кезінде балалардан ұялы телефонды талай рет алып қойған. Бірақ бұдан кейін телефонды алуға келетін ата-анамен жанжалдар шықты. Ұялы телефонды мектепке әкелмеу туралы тыйым салуды сөз жүзінде ғана енгізу мүмкін емес, бұл мектептің жарлығында жазылуы тиіс", - деді Цимбалюк. Айта кетейік, прокуратураның мәліметінше, 2014 жылы орта мектеп аумағында телефон ұрлаудың 59 дерегі тіркелген.
Еске сала кетейік, 2012 жылы Өзбекстан мектептерінде телефонды қолдануға тыйым салынған болатын. Сабақ алдында оқушылар ұялы телефонды өшіріп, сөмкесіне салуы тиіс. Сонымен бірге, оқушыларға гаджеттерді мойынға ілуге, қалтада сақтауға және мекеме ішінде қуаттауға тыйым салынды.
Дереккөз: tengrinews.kz