АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық қауіпсіздік органдары шетелде лаңкестік әрекеттерге қатысу пиғылы білінетін адамдарға ресми ескерту жасайтын болады.
Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов осылай мәлім етті. Еске сала кетейік, Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
«Кейбір ағайындарымыз шетелдерге барып лаңкестік әрекеттерге қатысуда. Олардың осындай қадамға баруының алдын алу үшін мемлекеттік құрылымдарға ешқандай өкілеттік берілмеген. Сондықтан да, Ұлттық қауіпсіздік органдары ондай ниеті бар азаматтарға шетелге бармау жөнінде ресми түрде ескерту жасауға құқылы болмақ. Ал ескерту орындалмаған болса, ондай азаматтардың қылмыстық жауапкершілігі ауырлай түседі», - дейді Ж. Асанов. Сонымен қатар, Қазақстанға келіп жатқан шетелдіктің экстремизм мен терроризмге қатысы бар деген ақпарат болса, онда оларды елімізге кіргізбеу шаралары қарастырылып отыр. Бас прокурор орынбасарының сөзіне қарағанда, соңғы 5 жылда 70-тен астам шетелдік азаматтың радикалдық ұстанымы тек біздің елімізге кіргеннен кейін ғана белгілі болып, ұсталған.
Бұдан бөлек, террористік қылмыстар үшін сотталып, жазасын өтеп, бостандыққа шыққан адамдардың барлығына қаржылық мониторинг жүргізіледі. «Бұл дегеніміз, әлгіндей бап бойынша сотталған азаматтардың ақшалай операциялары бақылауға алынады деген сөз. Ондай операциялар заңсыз болса дереу тоқтатылып, тез арада құқық қорғау органдары тиісті шараларды қабылдайтын болады», - деді Жақып Асанов.
Сонымен қатар, Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика комитеті барлық экстремистік және террористік ұйымдардың тізімін жүргізетін болады. Мұндай ақпараттар комитеттің ресми сайтында ашық түрде жарияланып, кез келген адам үшін қолжетімді етіледі.
Дереккөз: inform.kz