"Тур де франс-2014" көпкүндігінің жеңімпазы Винченцо Нибалидің велосипеді Бурабайда бәс саудаға салынды. Нәтижесінде, атақты велошабандоздың велосипедін белгілі кәсіпкер Нұрлан Смағұлов 51 миллион теңгеге сатып алды.
Қазақстандық олигарх Нибалидің велосипедін 51 млн-ға сатып алды
Толығырақ, тілші әңгімелейді. Аукционда негізінен екі адам бақ таласты деп хабарлайды 7 арна. Оның бірі миллиардер Болат Өтемұратов, екіншісі белгілі кәсіпкер Нұрлан Смағұлов.
Алғашқысы Нибалидің велосипедін 50 миллион теңгеге сатып алатындығын айтқан еді, алайда бәссаудаға Нұрлан Смағұлов нүкте қойды.
Сонымен қатар, Нибалидің көшбасшылық сары жейдесі 5 миллион теңгеге сатылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бәссаудадан түскен қаражаттың барлығы қайырымдылық шараларына жұмсалады.
"Осы шараға қатысуға ұсыныс жасағанда мен бірден келістім. Бұл бәс саудадан түскен қаражат ауруханаға жіберіліп, бірталай баланың өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді деген сенімдемін", - дейді Винченцо Нибалидің өзі.
Айта кетейік, қайырымдылық шарасы барысында веложорық ұйымдастырылды. Оған қатысушылар 40 шақырым жүріп өтті.
Дереккөз: nur.kz