16 шілдеде қалалық мәслихаттың 26-шы кезекті сессиясында таяуда тағайындалған Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ жартыжылдық есеп берді.
Әкім масаны улау жөніндегі тендердің өте кеш өткізілгенін айтты. Олардың жаппай көбейіп кетуіне Жайық өзенінің тасуы да себеп болып отыр. «Ақжайық» резерватының 9 мыңдай гектар жері суға кетті. Олар қазір дернәсілдердің ордасына айналған. Қазір оларды улаумен «Дезинфекшн Сервисес» ЖШС-нің 6 бригадасы айналысуда.
- Келесі жылы біз бюджетке масаларды улау жұмыстарын жүргізу үшін 300 млн теңге саламыз, бұл биылғыға қарағанда анағұрлым көп. Тендер ақпан айында өткізілетін болады, - деп уәде берді әкім.
Жилгородоктағы ретро саябағы сен университет маңындағы «Жастар» саябағының құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзір және мемлекеттік сараптамадан өтуде. Нұрсая ықшамауданында құрылысы өткен жылы басталған 1095 пәтерлік 23 үйдің құрылысы жалғасуда. Атырауда биыл пайдалануға беру жоспарланған 19 тұрғын үйдің 16-сы осы жерде салынатын болады.
Құрсай поселкесіндегі Ы.Алтынсарин атындағы мектеп пен №18 мектеп (күрелген ескісінің орнына) құрылысы аяқталу кезеңінде. Қыркүйекке дейін олар пайдаланылуға беріледі. Отаралиев атындағы мектеп құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сондай-ақ, биыл Көкарнада, Жұмыскерде, Бірлікте және Нұрсая ықшамауданында бюджеттік 4 балабақша іске қосылатын болады. Облыстың индустриалды картасының шеңберінде Атырауда қазір 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Қалалық қоқыс орнының периметрі бойынша өрт ошағын ерте анықтау үшін 5 шолу мұнарасы орнатылып, арнайы техника жүргізушілерінің кезекшілігі ұйымдастырылған. Қала әкімі кешікпей қаладан 16 шақырым жерде, Махамбет ауданының аумағында жаңа қоқыс полигоны салынатындығына сендірді. Осы жердің актісі алынған, жоба сараптамадан өтуде.
Кеңөзек округінің әкімі Ғаріпжан ӘБІШЕВТІҢ сөзінен: округте ресми түрде 3300 отбасы тұрады, бірақ іс жүзінде тұрғындар екі есе көп. Мәселе мынада, округте белсенді түрде жеке құрылыс жүргізіледі. Көпшілігі тұрғын үй құжаттарын рәсімдемеген. Электр энергетикасының жетіспеуі негізгі проблема болып табылады. Тасқала поселкесінде бір трансформатор бар, ол бүкіл үйге жетіспейді.
Еркінқала округінің әкімі Ерғали ТАПАНОВ: округте жүзден аса көше бар, ал бар болғаны 5 көшеге асфальт төселген. Округ «Ақжайық» резерватымен шектеседі. Масалардың ең көп популяциясы Каменный қолтығында байқалады. Округтік әкім тез арада осы жерді улай бастауды өтінді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ