
Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Парменов жалпы отырыста судьялар корпусына жаңадан тағайындалған судьяларды таныстырды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 29 шілдедегі №1382 Жарлығымен:
Мұрат Науанұлы Оңласбеков – Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы;
Алмагүл Қалымжанқызы Мұқышева – Жылыой аудандық сотының судьясы;
Әбусағат Ақылбаянұлы Мансұров – Исатай аудандық сотының судьясы;
Жеңіс Маратұлы Уәли – Мақатау аудандық сотының судьясы болып тағайындалды.
Мұрат Оңласбеков 1981 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Орта-Азиялық университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Сот жүйесіндегі еңбек жолын 2007 жылы Қазығұрт аудандық сотының бас маманы – сот отырысының хатшысы қызметінен бастаған. Кейін сот орындаушысы, банк менеджері, 2016 жылдан бастап Шымкент қаласында жеке сот орындаушысы болып еңбек еткен. Қазіргі тағайындауға дейін осы қызметте болды.
Алмагүл Мұқышева 1980 жылы Көкшетау облысында туған. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2002 жылы химия пәнінің мұғалімі ретінде бастап, кейін түрлі мекемелер мен компанияларда заңгер болып жұмыс істеген. 2012–2016 жылдары Ақмола облысының соттарында хатшы және жетекші маман қызметін атқарған. 2020 жылы адвокаттар алқасының мүшесі ретінде адвокаттық қызметпен айналысқан. 2026 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы болып тағайындалған.
Әбусағат Мансұров 1984 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Қарағанды экономикалық университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Сот жүйесіндегі еңбек жолын 2004 жылы Абай аудандық соты кеңсесінің жетекші маманы қызметінен бастаған. Кейін Абай аудандық сотында және Қарағанды облыстық сотында аға сот приставы болып еңбек еткен. 2014 жылы облыстық соттың ақпараттық технологиялар бөлімінің бас маманы, ал 2021 жылы Сот әкімшілігі департаментінің ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалған.
Жеңіс Уәли 1985 жылы Ақмола облысында туған. «Фемида» Қарағанды заң академиясын құқықтану мамандығы бойынша аяқтаған. Сот жүйесіндегі еңбек жолын 2009 жылы Есіл аудандық сотының сот приставы қызметінен бастаған. Кейін Бурабай аудандық сотында сот приставы, аға пристав, бас маман болып еңбек еткен. 2026 жылы Бурабай аудандық соты әкімшісі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған.
Жалпы отырыста Мұхтар Парменов жаңа судьяларды құттықтап, олардың қызметіне табыс тілеп, судьялық антқа адал болуға шақырды.
В Атырау +24.5 








