Атырау, 25 қараша 06:25
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Экс-әкімнің ісі. «"СнабОйлСтрой" ЖШС» топтамасы

4 557 просмотра

Атырау мамандандырылған ауданаралық сотында «Бергей Рысқалиевтың ҰҚҚ» ісі бойынша сот тыңдауы жалғасуда. «“СнабОйлСтрой” ЖШС» топтамасын қарау аяқталды.

Кәсіпкер әрі қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты Айбат СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ кәсіпорны жөніндегі блок «Қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигонының құрылысы», «Махамбет ауданының Алмалы ауылындағы балалардың демалыс лагерінің құрылысы», «Атырау қаласының заманауи өнер мұражайы бар 1200 орындық концерт залының құрылысы» және «Атырау қаласының сол жақ жағалау бөлігіндегі кәріздік-тазарту құрылғысының (КТҚ) құрылысы» эпизодтарына бөлінген. Осы нысандардың барлығын облыстық әкімдіктің түрлі басқармаларының тапсырысы бойынша «СнабОйлСтрой» компаниясы мердігер ретінде 2008-2012 жылдар кезеңінде салған. Процессте сотталушылар ретінде халықаралық іздеуде жүрген Айбат Сүлейменовтың бұрынғы үш қызметкері қатысып отыр. «СнабОйлСтрой» ЖШС директоры Айгүл БЕЙСЕБЕКОВАҒА ҚР ҚК-нің 325-бабы(«Жалған құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлердi, мөрқағаздарды, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу»), 235-бабы («Бір немесе бірнеше қылмыс жасау мақсатында ұйымдасқан топ құру және оны басқару, сол сияқты оған қатысу»), 176-бабы(«Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету») және 192-1-бабы («Жеке кәсіпкерлік субъектісінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз мәміле (мәмілелер) жасасуы») бойынша айыптар тағылып отыр. Осы баптармен директордың қаржы жөніндегі орынбасары Айнұр БАТЫРБАЕВА да айыпталуда. Бас есепші Кенжегүл СИСЕНОВАҒА 235, 176, 192-1 және 218-баптар («Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу») бойынша айыптар тағылды. Бейсебековаға «үйқамақ» шарасы қолданылса,  Батырбаева мен Сисенова басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен жүр.

ТЕРГЕУ ЖОРАМАЛЫ

Айбат СҮЛЕЙМЕНОВ.Айбат СҮЛЕЙМЕНОВ.Айыптау қорытындысына сәйкес, бұрынғы облыс әкімінің інісі Аманжан РЫСҚАЛИ, олардың күйеу баласы Рүстем ӘЛБАҚАСОВ және кәсіпкер Айбат Сүлейменов «өзінің қызмет бабын пайдаланып, ұйымдасқан топтың басқа қатысушыларымен келісе отырып, Б.Рысқалиевқа сеніп тапсырылған бюджеттің ақшалай қаржыларын аса ірі мөлшерде жымқыруға бағытталған пайдакүнемдік мақсатында, қылмыс жасау үшін әрқайсысына белгіленген рөлді атқара отырып», өздерінің бақылауындағы кәсіпорыннан конкурсқа өтінім беруді ұйымдастырып, бәленбай миллиард тұратын нысандардың тендерінен (тапсырыс беруші облыстық әкімдік болып табылады) ұтып алуды қамтамасыз еткен.

Тергеушілердің пікірінше, «СнабОйлСтрой» ЖШС мердігерлікті осылайша алған. Ол «Қоршаған ортаны қорғау нысандарын дамыту» бюджеттік бағдарламасының шеңберінде «Полигон құрылысы» нысаны бойынша өткізілген ашық конкурста жеңімпаз атанды. Оның әкімшісі энергетика және коммуналдық шаруашылық департаменті (ЭжКШД) болды. 25.01.2008 жылы «Энергия» КМК (ЭжКШД өкілетті кәсіпорны), «СнабОйлСтрой» ЖШС және ЭжКШД (мемлекеттік басқару органы) арасында 1 667 900 000 теңге сомадағы жұмысты орындау жөнінде мердігерлік келісімшарт жасалды.

Тергеу растап отырғандай, «Бейсебекова тапсырыс берушіге мердігерлік жұмыстарды төлеуге құқық беретін ресми құжаттарды, атап айтқанда, 2008 жылдың сәуір, маусым, шілде, тамыз және 2009 жылғы қаңтардағы №2В нысанды орындалған жұмысты қабылдау актілері мен №3 нысанды жұмыс құны туралы анықтамаларды әлденеше рет қолдан жасаған. Ол «Полигон құрылысы» нысаны бойынша орындалған жұмыс көлемі туралы 746 342 084 теңге сомасында көрінеу өтірік, көтеріңкі мәліметтер енгізген. Оның ішінде жалпы сомасы 115 548 636 теңге болатын жұмыстар орындалмаған». Ал қаржы ұрлауға тартылған түрлі эпизодтардағы әртүрлі басқарма басшылары «көрінеу жалған» құжаттарға қол қойған. Бұл сызбаны осы блоктың бүкіл эпизодтарында қаралған ҰҚТ мүшелері қолданған. «04.02.2008 жыл мен 09.02.2010 жыл аралығында «Полигон құрылысы» нысаны бойынша мемлекеттік бюджеттен «СнабОйлСтрой» ЖШС шотына 1 493 138 330 теңге аударылған».

Кейінірек Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы ««Атырау қаласының сол жақ жағалау бөлігіндегі кәріздік-тазарту құрылғысының құрылысы» нысаны бойынша ашық конкурс ұйымдастырды. Айыптау қорытындысында айтылғандай, «Рысқали А.С., Әлбақасов Р.С., Сүлейменов А. С. және Бейсебекова А. П. 2010 жылдың қаңтарында қылмыстық қауымдастықтың бақылауындағы “СнабОйлСтрой” ЖШС мен “ИнжинирингСтройКомплекс” ЖШС-нен конкурстық өтінім беруді ұйымдастырған. Мұнымен қатар Рысқали А. С. мен Әлбақасов Р. С. “СнабОйлСтрой” ЖШС конкурс жеңімпазы болып танылуы тиіс деп ұйғарған. Осыған байланысты аталмыш ЖШС конкурстық баға ұсынысына ықпал ететін критерийлердің пайызын көрінеу төмендеткен. Соның нәтижесінде шартты баға төмендеп, конкурс нәтижесі бойынша “СнабОйлСтрой” 8 640 560 000 теңге сомадағы баға ұсынысымен жеңімпаз деп танылған».

«30.03.2010 жыл мен 25.07.2012 жыл аралығында «КТҚ құрылысы» нысаны бойынша 05.03.2010 жылғы №6/2010/РБ, 27.01.2011 жылғы №5/2011/РБ, 10.02.2012 жылғы №2/2012/РБ» келісімшарттары мен оларға жасалған қосымша келісімдерге сәйкес және №2В нысанды орындалған жұмыс актілері мен №3 нысанды құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны туралы анықтаманың негізінде мемлекеттік бюджеттен “СнабОйлСтрой” ЖШС-нің шотына 8 290 659 083 теңге (500 000 000 + 6 525 637 000 + 1 265 022 083) аударылған.

Сол мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы 2010 жылдың шілдесінде «Атырау қаласының заманауи өнер мұражайы бар 1200 орындық концерт залының құрылысы» нысаны бойынша ашық конкурс ұйымдастырылып, осы мақсатта 2 400 000 000 теңге сома бөлінген.

«27.08.2010 жыл мен 26.03.2012 жыл аралығында «Концерт залының құрылысы» нысаны бойынша 16.08.2010 жылғы №40/2010/ОБ, 10.02.2011 жылғы №3/2011/ОБ келісімшарттары және оларға жасалған қосымша келісімшарттың және №2В нысанды орындалған жұмыс актілері мен №3 нысанды орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны туралы анықтаманың негізінде «СнабОйлСтрой» ЖШС-нің шотына мемлекеттік бюджеттен 2 316 604 000 теңге (404 000 000 + 1 162 040 000 + 750 564 000) аударылды.

2012 жылдың наурызында «Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» ММ «Махамбет ауданының Алмалы ауылындағы балалардың демалыс лагерінің құрылысы» нысаны бойынша конкурс ұйымдастырды. Осы мақсатта 480 млнтеңгесома бөлінді.

28.03.2012 жыл мен 31.05.2012 жыл аралығында «Балалар лагерінің құрылысы» нысаны бойынша 06.01.2012 жылғы №9/2012/ОБ келісімшартына сәйкес және №2В нысанды орындалған жұмыстар актісі мен №3 нысанды орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны туралы анықтаманың негізінде “СнабОйлСтрой” ЖШС шотына мемлекеттік бюджеттен 288 000 000 теңге аударылды».

«ШИКІ» ЖОБАЛАР ЖҰМБАҒЫ

Сотталушылар Бейсебекова, Батырбаева және Сисенова тергеу кезінде де, сот барысында да тағылған айыптарды мойындамады. Олардың пікірінше, Сот сараптама орталығының сарапшылары зиян сомасын бағалау кезінде орындалған жұмыс көлемін және қолданылған құрылыс материалдарының құнын дұрыс бағаламай, бірқатар қателіктер жіберген. Сот отырысы барысында адвокаттар да сарапшыларға кейістік білдірді. Олар тергеу барысында жүргізілген зиян сомасын анықтау жөніндегі сот сараптамасының сапасы мен негізділігі туралы мәселені қойды. Сот залында расталғандай, олар «қажетті өлшемдерді алмастан, «көзбен шолу» негізінде орындалған».

Олар сондай-ақ, жобаларда тапсырыс беруші мақұлдаған техникалық-экономикалық негіздемеде және жобалау-сметалық құжаттамада ескерілмеген, қалып қойған, ал кей жағдайларда жалпы қымбаттауға әкелген өрескел кемшіліктер, басқа жағдайларда материалдарды немесе жабдықтар ауыстырылған жұмыс түрлері бар екенін тікелей немесе жанамалай дәлелдеген куәгерлердің жауаптарына жүгінді.

Жобасы қаңтарда бекітілген, ал жұмыстар өткен жылдың көктемінен бастап жүргізілген, қазан айында мердігер ТЭН бойынша түзетуге жіберген ҚТҚ полигонына қатысты жағдайда, полигонға бөлінген алаң учаскесінің шекарасын көшіру қажеттілігі туындаған. Бастапқыда жаңа алаң ескі полигонның орнына жобаланды. Бұл жобаны тапсырыс беруші мақұлдап, мердігер ол бойынша жұмыстар жасай бастаған еді. Куәгерлердің растауынша, «Снабойл» тіпті шұңқыр қазып, оның бір бөлігіне қиыршық тастар төге бастапты. Бірақ қоқыс төбешігі үнемі тұтанатын болған. Мердігер жергілікті экологтардан осы учаскеде жұмыс жасау қауіпті екендігі туралы ұйғарым алып, Ресейден сарапшылар шақырған. Олар ескірген қоқыс төсемін ашқан жағдайда эпидемиологиялық қауіптілік туындайтындығы туралы қорытынды берген. Ескі қоқыс орнының топырағы қалпына келтірілуі қажет, ал бұл учаскенің жаңа жоспарға қалай енгендігі жұмбақ болып қалды.

Учаске шекарасын ығыстырды, полигон алаңы 28-ден 24 га-ға дейін азайды. Коммуналдық тораптарды енгізу бағыттары мен шарттары өзгерді. Учаске де көршілес нысандар мен Сарыөзектің қорғау аймағына кірді... Мұның бәрі ТЭН түзетілімінің кешеуілдеуіне және сметада ескерілмеген жаңа шығындарға әкелді. Нәтижесінде 2012 жылдың күзіне қарай тергеу басталып, шоттарға тыйым салынған кезде құрылыс та тоқтап қалды. Осы нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама ақыры қабылданған жоқ. Осы іркілістердің салдарынан түрлі мәліметтер бойынша 85-95% дайын болып қалған нысан әлі күнге дейін салынып бітпеді және пайдалануға берілмеді. 2013 жылдың көктемінде полигонды қаржы полициясынан сақтау кепілдік қағазы арқылы зардап шегуші тарап (энергетика және ТКШ басқармасы) қабылдап алды.  Облыстық әкімдік басқармасының ісіне қатысы бар шақырылған куәгерлер оның бүгінгі мәртебесі туралы жарытымды жауап бере алмады.

Энергетика басқармасы зардап шегуші тарап ретінде талап арыз бермеді. Басқарманың мердігермен есептеспегені белгілі болды. Соңғы 10% (160 млн теңге шамасында) төленбеген. Ал осы нысан бойынша зиян сомасы, естеріңізге салсам, тергеу есебі бойынша 115 млн теңгеден асады.

Қорғаушы тигізілген зиян бар ма деп сұрады. Өйткені тапсырыс беруші тараптың тергеу атаған зиян сомасынан асатын қарызы қалған еді.

Құрылыс барысында тапсырыс берушілер техникалық бақылауды жүзеге асыру үшін тартқан техникалық қадағалау сарапшылары да жобаны «шикі» деп атады. Қаралып жатқан басқа нысандарға да қатысты осындай  тұжырымдар айтылды. Сотталушылардың айтуларынша, сметаға салынған сомалар шынайы шығындарға сай келмейді, ал жобалық және сметалық бөліктер төмендетілген, жоба мен смета арасында сәйкессіздік орын алған.

Жобалаушының қателіктері туралы мердігер қатысты тараптарға бекітілген тәртіппен хабардар еткен. Адвокаттардың өтініші бойынша сот тапсырыс берушілер мен жобалаушыдан осы хаттардың түпнұсқаларын сұратты.

ӨЗЕН СУЫНА КЕТЕДІ

Бірнеше куәгер біраз уақыт бойына күзетсіз қалған нысандардың қымбат тұратын құрылыс материалдарының ұрлану фактісін еске салды. Сотталушылар тапсырыс берушілерден (облыстық әкімдіктің түрлі басқармаларынан) әзірлігі түрлі деңгейдегі нысандарды күзетуге алыңдар деп жалынғандай болып өтінгенін растады: тергеу басталған кезде қаржыландыру тоқтатылып, күзету үшін ақша болмай қалған. Содан соң оларға нысандарды тастап кетуге тура келген, «ал құны миллиардтаған материалдық-тауарлық құндылықтар қалған». Қорғау тарапы тергеу барысында нысандағы тауарлық-материалдық құндылықтардың мөлшері туралы және жүргізілген қосымша жұмыстар бойынша сараптама жүргізу жөнінде өтініш берді. Бірақ олар қанағаттандырылмады.

Алайда тапсырыс берушілер бұл нысандарды тек бір-екі ай өткеннен кейін мердігерден емес, қаржы полициясынан қабылдады. Сол уақытта көптеген нысандар едәуір тоналған еді: жергілікті тонаушылар да қарап жатпады.

Куәгер Сәкен ЖАНБАЕВ 2013 жылы «БК групп» ЖШС-де сапа бөлімінің инженері болып жұмыс жасаған:

– Сәуір-мамыр айларында тапсырыс берушінің өтініші бойынша «Алмалыдағы балалар лагері» нысанына бақылау жүргізген кезде инженерлік тораптар, газ, су, электр, ішкі желілер жүргізілген болатын. 40 орындық ұйықтайтын алты корпус, төбенің ағаш каркастары болды – бұлар орындалған жұмыстар еді. Терезе, есіктер әлі салынбады. Еден құйылған ба, жоқ па, есімде жоқ. Бірақ қазан айында біз комиссия құрамымен сол жерге барған кезде, көп нәрсе ұрланып кеткен екен: 3 немесе 4 корпуста шатырдың ағаш каркастары жоқ болды немесе ішінара бұзылған, сымдар, желілер ғайып болған...

Зардап шегуші басқармалардың бірі – құрылыс басқармасының атынан осы лауазымға 2013 жылдың наурызында тағайындалған басқарма бастығының орынбасары Ескендір ЖАҢАТАЕВ қатысты.

– Мен зардап шегуші тарап нысанды қалай күзетке алады деген мәселе қойдым. Қалай болғанда да, тапсырыс беруші ретінде біздің күзетке алуға тиіс екендігіміз айтылды. Біз балалар лагерін сақтау кепілдік қағазымен алдық. Мен барып, тізімдеме жасадым. Тізімдемеде нысандар бойынша: корпустар, асхана және т.б. көрсетілген. Содан соң 2013 және 2014 жылдардағы тендер бойынша бірден «Күзет» ОБП-не күзетуге бердім. Тыйым салынған мүліктердің тізімдемесін «Күзетке» бердім. 

Махамбет АІІБ-не тоналуға қатысты жүгіндіңіз бе? – деп сұрақ қойды адвокаттардың бірі.

Мен жүгінген жоқпын, – деп жауап берді Жаңатаев.

Балалар лагерінің тағдыры да белгісіз: қазір, құрылыс басқармасы өкілінің мойындауынша, оның мақсатқа сәйкестігі туралы мәселе туындаған. Өйткені, лагерь үшін өзен бұрылысынан учаске бөлінген. Ол жерді әлсін-әлі көктемгі су тасқыны басып тастайды. Яғни, тапсырыс беруші кезінде бюджеттің 500 млн-дай теңгесін «суға кетіретін» орынды саналы түрде таңдаған.

КОНЦЕРТ ЗАЛЫ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

Нұрсаядағы концерт залы бюджетке бірнеше мәрте қымбатқа түскен. Осынау сәтсіз жоба бойынша шығындар әлі жабылмады. Оның үстіне олардың мөлшері де бұлыңғыр. Тергеу ісі қылмыстық істе бюджеттен бөлінген 2,3 миллиард теңге деп есептегенмен (жоғарыдан қараңыз), қазіргі билік өткен жылдың желтоқсанында оны 3,8 миллиард теңгеге бағалады («Күмәнді күмбез»). Сотта айтылған мәліметтер бойынша, облыстық әкімдік жаңа жобалаушыларды жалдаған. Енді күтілген сома (жүргізіліп жатқан металл құрылымдарын бұзу жұмыстарын қосқанда) 4,8 миллиард теңгені құрады. Ал жобаның жобалау-сметалық құжаттамасына әлі де түзетулер енгізілуде.

Адвокат Әсел ЕЛШІБАЕВА құрылыс басқармасы өкіліне сұрақ қойды:

Осы екі жыл ішінде не жасалды, неліктен нысандар салынып бітпеді?

Шенеуніктің мойындауынша, қаржылардың бір бөлігі мемлекет қазынасына игерілмеген қаржылар ретінде қайтарылған. Кәріздік-тазарту құрылғысына жаңа жобалаушы жалданған. Ол жобаны 56 млн теңгеге қайта жасауда. Концерт залы бойынша жобалау-сметалық құжаттама бойынша түзетілім 20 млн теңгеге шыққан. Осы нысандардың тағдыры тек жобалау-сметалық құжаттамаға түзетілім енгізілгеннен кейін ғана шешіледі. Егер жобалар өміршең деп танылса, оларды қаржыландыру келер жылдың бюджетіне салынатын болады.

«ҚТҚ полигоны» нысаны тұрып қалды – жобалау-сметалық құжаттамасы дайын болмағандықтан оны балансқа алып, құрылысын аяқтай алмай отыр. Нысанды сақтау кепілдік қағазымен қабылдаған энергетика және ТКШ басқармасы бұл жөнінде бейхабар болғандықтан, қойылған сұраққа жауап бере алмайтынын мойындады. Нысандардың барлығы қазір «Күзет» ОБП күзетіне алынған.

«АБЫРЖЫҒАН БОЛАРМЫН»

Процессті қарау кезінде өзіндік дәстүр қалыптасты. Ол осы блокты қарау барысында да жоғалмады. «Атырау облыстық құрылыс басқармасы» ММ бастығының бұрынғы орынбасары, сотталушы Ибрагим ӘМІРОВТІҢ қарамағында істеген адамдардың бірі, куәгер Айтқалиев тергеу кезінде берген кейбір жауаптарынан бас тартты.

Ол өзінің бұрынғы бастығының әрекетін бейнелеу үшін түрлі ұғымдарды қолданды:  біресе Әміров оны нысанға бармай-ақ, 2-нысанды (түрлі құрылыс жұмыстарының орындалғаны туралы) актіге қол қоюға «көндірген» болса, біресе«мәжбүрлеген». Сонымен қатар, ол өкілеттігі тұрғысында өз қолтаңбасының мүлдем қажет еместігін растады. Алайда қылмыстық істегі оның бастығының рөлі туралы прокурордың сұрағына жауап ретінде Айтқалиев нықтап:

Мен мұны жоққа шығарамын (Әміровтің Рысқалиевтың ҰҚҚ-ның құрамында екендігі туралы жауабы), шамасы, абыржыған шығармын. Оның Рысқалиевтың командасында болды дегенді білмеймін. Ибрагим Шәкуұлы жақсы басшы болды және мердігерлерден уақытымен сапалы жұмыс тапсыруды талап етті, - деді.

«СнабОйлСтрой» топтамасын қарау аяқталды. 20 мамырда сот «Газдендіру» топтамасын қарауға кіріседі.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

21 мамыр 2014, 09:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.