Заң жобасы Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың 14-ші Жалпы отырысында қабылданған Қазақстан Республикасының өзара бағалау есебінің ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға және Ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы (ФАТФ) қабылдаған жаңартылған ұсынымдарға сәйкес келтіру бөлігіндегі ескертпелерін іске асыру мақсатында әзірленді.
Заң жобасы отыз үш заңнамалық актіге, оның ішінде алты кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Заң жобасымен көзделген заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіледі, онда «заңсыз жолмен алынған кірістер» деген ұғым «қылмыстық жолмен алынған кірістер» деген анықтамаға ауыстырылады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне толықтырулар енгізіледі, оларға сәйкес бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасағаны және инсайдерлік ақпаратты заңсыз пайдаланғаны үшін жауаптылық белгіленеді.
Бұдан басқа, қылмыстардан алынатын кірістер болып табылатын мүлікті конверсиялауды немесе аударуды криминалдық әрекет деп тану, сондай-ақ қылмыстардан алынатын кірістерді тәркілеу және алып қою көзделеді.
«Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар мыналарды көздейді.
«Бенефициарлық меншік иесі», «корреспонденттік қатынастар»,
«қалқа-банк», «шет мемлекеттің құзыретті органы», «іс жүзіндегі қатысуы», «іскерлік қатынастар» деген ұғымдар енгізілді.
Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы мәселелер бойынша қаржы мониторингi субъектiлерiнің тізбесін микроқаржы ұйымдары, электрондық ақша жүйелерінің операторлары, бухгалтерлік ұйымдар мен кәсіби бухгалтерлер толықтырды.
Қаржы мониторингі субъектілерінің өз клиенттерін, олардың өкілдерін және бенефициарлық меншік иелерін, сондай-ақ шетелдік қаржы ұйымдарымен корреспонденттік қатынастар орнатылған кезде тиісінше тексеруі жөніндегі шаралар толықтырылды. Қалқа-банктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ олармен корреспонденттік қатынастар орнатуға тікелей тыйым салынған.
Қаржы мониторингі субъектілеріне арналған ішкі бақылау қағидалары нақтыланды. Күдікті операцияларды тоқтата тұру тетігі жетілдірілді. Терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың активтерін тоқтата тұру (бұғаттау) тетіктері белгіленді.
Уәкілетті органның құқық қорғау органдарымен және арнаулы мемлекеттік органдармен бірлесіп, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға байланысты мәліметтер мен ақпарат алмасу және оларды беру бойынша өзара іс-қимыл тәртібін айқындау бөлігіндегі функциялары толықтырылды.
Бұдан басқа, уәкілетті органның қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен келісімдер жасасу құқығы көзделген.
Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.
Дереккөз: ҚазАқпарат