
Айнабұлақ ықшамауданындағы жер телімдері тұрғындарға 2000-жылдардың ортасында беріле бастаған. Сол кезде адамдар газ, жол және канализация жүргізіледі деген уәдеге сеніп, үйлерін сала бастады. Алайда арада жылдар өтсе де, олар әлі күнге дейін ең қарапайым жағдай жасалмастан өмір сүруге мәжбүр.
Уәдеге сеніп, соңғы қаржыларын салды
Жалпы бұл мөлтек ауданға 1004 жер учаскесі беріледі деген жоспар жасалған. 2005-2014 жылдар аралығында 600 адамға баспана салу үшін жер телімі берілген. Бірақ жер учаскесі берілгенімен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдары алдын-ала жүрмеген болып шықты.
Қажетті инфрақұрылымдарының жоқтығынан жаңа баспаналарын салса да, қоныстана алмай сандалып жүргендер жетелік.

- Біз Ақтөбе облысынан Құлсары қаласына көшіп келгенімізбен он жыл пәтер жалдап жүрдік. Бес баламен баспана салу мүмкін болмады, жер сұрап қалалық әкімдікке барғанымда, осы кенттегі жерді ұсынды. Әкімдіктің айтуы бойынша барлық инфрақұрылыммен толық қамтылған деп бізді алдап соқты. Бірақ газ жүйесі тартылады, жол салынады деген уәделеріне сеніп, бар жиған-тергенімізбен жаңа үйдің құрылысын бастап кеттік. Өзім ІІІ топ мүгедегімін, жолдасым тұрақты жұмысқа кіре алмай жүр, - дейді көпбалалы ана Тілектес Айтжанова.
Үй салынғанына бірнеше жыл болған, әкімдік уәде еткен газ, канализация, жол жұмыстары жылжымай қалған.
Тілектес мектепте техникалық қызметкер ретінде алатын еңбекақысы 100 мың теңге болса, қыс бойы электр энергиясына сол ақшасын санап беріп отырған көрінеді. Өйткені жылуды электр энергиясы арқылы жүргізген.
- Газ тартып берсе, үйіміз жылынып, тамағымызды пісіріп отырар едік. Үй дұрыс жылынбағандықтан бар тапқан-таянғанымызға салған үйіміз көгеріп, сылақтары түсіп жатыр. Лайсаң күндері балаларымыз жол жоқтықтан мектепке, балабақшаға бара алмай жатады. Жаңбыр жауып, қар ерісе, айналаны түгел су басады, Венециядан айырмашылығы жоқ. Аяғымыздан резіңке етік түспейді. Ал канализация бұл жаққа келмеген, -дейді Берік Ермеков.
Жалпы жер берілгенімен инфрақұрылымның толық жүрмегенінен көп адам үйін салып көше алмай отырса, тіпті жаңа баспана салуға қорқып отырғандарын айтады.
Газ құбыры құрылысы тұралап тұр
Жалпы газ желісін жүргізу, жабдықтармен қамтуға 792 млн теңгенің жобасы қаралған.
"Ремстрой" ЖШС жұмыстың 95 пайызын, яғни 731 млн теңгесін игерген. Енді 60 млн теңгенің жұмысы қалып тұрған көрінеді. Бірақ көгілдір отын құрылысы ұзаққа созылып кеткен.
2026 жылдың 29 сәуірінде тапсырысшы "Жылыойгаз" ЖШС "Ремстрой" ЖШС-ін жосықсыз қатысушы деп тану және құрылыс жұмыстарын аяқтауды міндеттеу туралы талап арызбен Атырау облысы мамандандырылған экономикалық сотына жүгінген. Бірақ сот қанағаттандырудан бас тартқан.
Енді тапсырысшы мердігерден тұрақсыздық айыбын өндіруге талап арыз берген көрінеді, сот маусымның 22-де өтеді.
Жаңа Қаратон кентінің жаңа тұрғындары аудандық әкімдіктің табалдырығын тоздырумен күнін өткізуде. Биыл да көгілдір отынның келуі неғайбыл, сот қашанға дейін созылады, белгісіз.
Жол және канализация мәселесі
Ал жол мен канализация туралы айтып қажеті жоқтай. Жауын-шашын мен қар еріген кезде көшелерді су басып, канализацияның жоқтығы тағы бір шешілмеген мәселе болып қала берді.
Жылыой ауданы Жаңа Қаратон кентіндегі "Айнабұлақ" мөлтек ауданы тұрғындары көгілдір отын, жол, канализация жоқтығынан зардап шегіп келеді. Аудандық әкімшілікке бірнеше жылдан бері барғанымен құрғақ уәдемен тойдырумен келеді дейді наразы халық.
Жер телімдері алғаш берілгеннен бері жиырма жыл өтсе де, ықшамауданда қалыпты өмірге қажетті жағдайлар жасалмаған. Газ, жол және канализация тұрғындар үшін әлі күнге дейін уәде күйінде қалып отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен видеоларды түсірген автор
В Атырау +33.3