Атырау, 19 маусым 16:05
 дождьВ Атырау +33.3
$ 487.73
€ 558.99
₽ 6.63

Атырау облысында қоғамдық көлік жұмысы талқыланды: шағымдар азаймай тұр

Сурет
131 рет қаралды

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында қоғамдық көлік мәселелері талқыланды. 

Жиынға әкім орынбасарлары, басқарма басшылары және мердігер ұйымдар қатысты. Өңір басшысы жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыру үшін әкімдік, тасымалдаушы компаниялар және тұрғындар бірлесе жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттен бөлінген субсидияға қарамастан, тұрғындардан түсетін шағым азаймай отыр. Негізгі наразылық автобустардың уақыт кестесін сақтамауы, көлік тапшылығы, аялдамаларға тоқтамау және жүргізушілердің қызмет көрсету мәдениетіне байланысты.

Аппараттың өңірлік даму және мониторинг бөлімінің басшысы Нұрболат Абсеновтің мәліметінше, қалада 38 бағыт бойынша 7 компания қызмет көрсетеді, тасымалға 310 автобус бөлінгенімен, күн сайын олардың тек 287-сі ғана желіге шығады. «109» байланыс орталығына түсетін өтініш саны да артып келеді: 2025 жылы 20 мыңнан астам өтініш тіркелсе, биылғы маусымның ортасына қарай олардың саны 9 мыңнан асты.

Облыс әкімі тасымалдаушы ұйымдардың жұмысын «Smart Atyrau» жүйесі арқылы қатаң бақылауды және автопарктердің жауапкершілігін арттыруды тапсырды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев биыл қоғамдық көлікті субсидиялауға 15,5 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары. Субсидия көлемінің артуына жаңа бағыттардың ашылуы, жүргізушілер санының көбеюі, жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектердің қымбаттауы және электронды билет жүйесіне жұмсалатын шығындардың өсуі әсер еткен.

Қала әкімінің орынбасары Тілек Махуов тұрғындардан түскен өтініштерге байланысты қозғалыс кестелері қайта қаралып, автобустардың қатынау аралығы 5–15 минутқа дейін қысқартылғанын хабарлады. Кеңесті қорытындылаған Серік Шәпкенов жолаушылар тасымалы жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуді, жолаушылар саны артқан жағдайда маршруттық желіні жедел бейімдеуді тапсырды. Ол қозғалыс жиілігін арттыру, сыйымдылығы жоғары автобустарды пайдалану және цифрлық бақылау құралдарын енгізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ережелерді сақтамайтын тасымалдаушыларға қатысты қаржыландыру көлемін қайта қарау мәселесін көтеруді міндеттеді.

Бүгін, 14:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.