Атырау, 19 маусым 21:14
 дождьВ Атырау +33.5
$ 487.73
€ 558.99
₽ 6.63

Екі аудан, бір мәселе: Мақат пен Индербордағы құрылыстар неге тоқтап тұр?

Сурет Бейнежазба
134 рет қаралды

Мақат және Индербор кентіндегі көпқатарлы үй құрылыстары бес жылдан бері пайдалануға берілмей, "сақалдыға" айналған. Ал мыңдаған адам баспана кезегін сарыла күтіп жүр. Соттасулар ұзаққа созылғандықтан құрылыстар мүлдем тоқтап тұр.

Қоныстойсыз үй

Мақат ауданындағы 60 пәтерлік үйдің құрылысы 2021 жылдың 7 шілдесінде басталған. Құрылысқа жауапты- "ДанСтройБазаЛТД" ЖШС.

Үйдің іргетасы қаланып, кірпіштері өріліп, қабаттары көтерілгенімен бұл күнде иесіз қалғандай тас-талқан болып жатыр. Есік, терезесі үңірейіп қорқыныш туғызып тұр. Құрылыс материалдары айналасында шашылып, жайрап жатыр. Үй алдына төселген төсемтастар мүжіліп, өсімдіктер өсіп берекеті кеткен.

Бұл жердегі құрылыс жұмыстары үш жылдан бері тоқтап тұр. Аудан билігінің мәліметінше, мердігер жұмысты мүлдем қойған. 

2023 жылдың 31 желтоқсанында мердігер міндеттемелерін орындамағандықтан тапсырысшы, аудандық құрылыс келісім шартты мүлдем үзіп тастайды. 2024 жылдың 29 қаңтарында мердігерді жосықсыз қатысушы деген талаппен Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына берумен жалғасады. Алайда сот тапсырысшының талап арызын қанағаттандырмай тастайды. Сот аудандық құрылыс бөлімі мердігер мекемеден 12 млн 555 мың көлеміндегі тұрақсыздық айыбын өндіріп береді. 

Ұзақ соттасулар, жылдардың жылжып өтуі материалдардың қымбаттауына әкеліп соғады. 

- Мақат кентінде 16 мың халық тұрады. Ал мына 60 пәтерлік үйдің құрылысының басталғанына бірнеше жыл болды. 60 пәтерлік үй 60 отбасының баспанасы. Мемлекеттің дамуы халықтың әл-ауқатының жақсаруына байланысты. Құрылыс неге тоқтап тұр, оған тапсырысшы, технадзор, ГАСК өкілдері жауап бермей ме, осылай тастап жүре бере ме? Құзырлы орындар қайда, кінәлілер неге анықталмайды, неге жазасыз қалады? Айналып келгенде сотқа итереді, басынан неге жауапкершілік сұралмайды, мердігер келді, қандай жұмыстар жасап жатырғанын неге қадағаламайды? Мердігер өз жұмысын жасамайды қосалқы мердігер іздейді. Жұмысшыларға уақтылы қаржысы берілмейді. Ақыр соңында құрылыстан мән кетеді, халық зардап шегеді, - дейді белсенді Ғазиз Ғабдуллин. 

Бүгінде бұл үй құрылысының жобасына түзетулер енгізілуде. Ол сараптамаға жіберілген, қорытындысы алынғаннан кейін мемлекеттік сатып алу арқылы конкурс жарияланбақшы. 

Ал Мақат ауданы бойынша 1200 адам баспана кезегінде жылдар бойы тұр.

Үш жыл бойы жаңбыр мен қар астында

Индербор кентіндегі 80 пәтерлік үйдің құрылысын жүргізу 2021 жылы басталған. 1 млрд теңгеге бағаланған үйді "ОңдасынСтрой" ЖШС жеңіп алғанымен жұмыстың денін атқарғаннан кейін одан әрі неге екені белгісіз жалғастыра алмаған. 

Одан әрі мердігер "ОңдасынСтрой" ЖШС мен тапсырысшы, құрылыс бөлімі бірін-бірі сотқа беріп, онысы ұзаққа созылады.

Ақыры 2023 жылы "ОңдасынСтрой" ЖШС жосықсыз қатысушы деп танылып, екіарадағы келісім шарт бұзылады. Банкроттықтың кебін киген ЖШС Есбол ауылындағы мектеп құрылысын да бітіре алмайды. 

Үш жылдан бері 80 пәтерлік үйдің шатыр жабындысы жасалмағандықтан жауын-шашын үй ішіне кіріп, берекеті кетіп тұр. Құрылыс бөлімінің мамандарының айтуынша жұмыстың 75 пайызы атқарылған. 

- Шатыр жабындысының материалы құрылыс басында тұр. Тогы жүріп, терезесі салынған. Енді қалып тұрғаны ішкі сылақ жұмыстары. Бүгінде техникалық зерделеу жұмысы аяқталып, жобаға өзгерістер енгізілуде. Сараптамадан өткеннен кейін конкурс ойнатылып, жеңімпаз анықталады, - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дарын Ілиясов. 

Бір қызығы, Ілиясов дәл осы жауапты "АЖ" тілшісіне 2024 жылы айтқан болатын. Алайда арада өткен уақыт ішінде үй толық салынып бітпеді. 

Бүгінде Индер ауданында 1300-дей адам баспана кезегінде тұр.

Жобаларға қайта-қайта түзету енгізіліп, сараптамадан өтіп жатқанымен, нақты аяқталу мерзімін билік әлі атаған жоқ. Сондықтан Мақат пен Индербор тұрғындары бірнеше жыл бұрын уәде етілген пәтерлерін күтіп отыр. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен видеоны түсірген автор

Бүгін, 19:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.