28 наурызда Ш.Сариев атындағы өнер музейінде қылқалам шебері, ақын Тілек ХАЛИННІҢ (суретте) «Өмір шуағы» атты жеке шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
ЕШКІМГЕ ҰҚСАМАЙТЫН БІР ТІЛЕК БАР...
Тілек Халиннің шығармашы-лығына әріптестері жоғары баға беріп қойған. Мәселен, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, белгілі суретші Әділқайыр ЖАНТАСОВ Тілек Халинге «туған ауылының қасиетін, жусаны мен сүт иісін картинасына сіңіре білген, бояуды да сол қалпында пайдалана білген суретші» деп сипаттама береді.
Болмысы бөлек, бітімі ерек тума талант иесі Тілек Халин 1950 жылы Индер ауданы Бөдене ауылына қарасты 15 шақырым қашықтықтағы «Жамантау» қыстағында дүниеге келген. Ол бала күнінен қиялшыл болып өсті, өзі ес білгелі киіз үйдің түндігінен ақ ұлпа сансыз бұлттар мен қияға самғаған құстарға көз тастап, жарқ-жұрқ еткен жұлдыздарды тамашалауды қызық көретін. Әкесі Қалы мен анасы Нәзипаның колхоздың малын бағып, біресе жайлауға, біресе күздікке, біресе қыстаққа көшіп жүргені, қиын да қызықты шақтары бала Тілектің ойында мәңгі қалып қойды.
- Қайдан пайда болғаны белгісіз, біздің үйде орыс суретшілерінің небір шығармалары басылған бір үлкен кітап болды. Соның ішіндегі үш шығарманы кейін есейгенде кітапханадан көрдім. Бейнелеу өнеріне сол кезден бастап мықтап ден қойдым, - дейді суретші.
1957 жылы Бөдене орта мектебінің бірінші сыныбына барып, көрші Жарсуат ауылындағы Махамбет атындағы орта мектепті 1967 жылы тәмамдағанға дейін сыныптастарының портреттері, лозунгілер оның ермегі болды. Ертегі кітаптарды жата-жастана оқыды. Одан кейінгі әскери борышы, совхоздағы шоферлік, тас қалаушы, ағаш шебері жұмыстары өткен жылдардың еншісінде қалды. Бейнелеу әлеміне қызығушылығы Темірбек Жүргенов атындағы өнер институтына жетелеп алып келеді. Алайда емтиханнан өтіп тұрып, конкурстан өтпей қалғаны оның жанына қатты батты. Дегенмен 1978-1982 жылдар аралығында сырттай Мәскеу халықтық өнер университетінен (ЗНУИ) дәріс алады. Мәдениет саласында, кейін Бөдене мектебінде сызу және бейнелеу өнері пәндерінен оқушыларға көп жыл үзбестен дәріс береді.
Қазір Тілек Бөдене ауылында тұрады. Бір кездері жүздеген сиыр сауып, еңбек көрігі қызып жататын ауыл бүгінде тылсым тыныштық құшағында. Ауылдың мамыражай тіршілігі Тілектің шығармашылығының кеңеюіне жол аша түскендей. Өзі жырлағандай, «түсініксіздеу» мінезі бар Тілек бізге өмірі мен өнерінен сыр тиегін ағытпас бұрын басқа бөлмеден өзінің өлең шумақтары өрілген «Керуен көңіл», «Өмір шуағы», «Мен көктемді іздеймін» атты үш кітабын әкеліп, алдыма қойды да:
- Бұлар - менің жыр кітаптарым, оларды саған сыйлаймын. Осы кітаптарды оқып отырып, менің өмірім мен жанымды ұғарсың, - деді.
Тілектің поэзиясы жан сарайыңды аша түседі. Оқыдым, суретшілік пен ақындықты қатар алып жүрген оның рухани байлығына, ой еркіндігіне, өнер адамына тән жан нәзіктігіне қанықтым, қызықтым. Ойландым.
«Бір Тілек бар арманшыл, сағынатын,
Қиялымен жұлдызды тағынатын.
Шабыты кеп, жоқ жерде ақын болып,
Өлең жазып Өмірге шағынатын...» дейді ол өз өлеңінде.
«ШАРБАҚШАЛ»
- Бейнелер өзінен өзі көңіліңе ұялап, жүрегіңде тұрады, сосын алдымен қағазға эскизін жасайсың. Ол табиғат, ауыл бейнесі немесе тарихи оқиға болуы мүмкін, - дейді Тілек. Оның жүзден астам картинасы осылайша дүниеге келген.
Оның көптеген картиналары кең мағыналы, астарлы ой туғызады. Мәселен, «Жерұйық» картинасында кешегі мен бүгінгі күннің тартысы кездеседі. Картинаның төменгі жағындағы қойтастар, айнала көк шөп, дала гүлдері, қалың бұта көлеңкесінде дамылдап жатқан киіктің серкесі, оң жақтағы қойтастар үстінде қанатын қомдап, жан-жағына жіті көзбен қараған, туған жердің табиғатының тыныштығын бақылап отырған дала қыраны бейнеленген. Картинаның жоғары жағына қарағанда көңілің бұзыла бастайды, онда бүгінгі техниканың сансыз байлығы бейнеленген. Айналадағы көк түтін ауаны ластап, тұмандандырып жатыр. Табиғатқа жасалған қиянаттан ақбөкендер жосыла бағдарсыз қашып жатыр. Полотноның ортасында түссіз шар ішінде осыған наразы кейіптегі қобызы, домбырасы, асатаяғы бар бабалар бейнесі бар. Олар келер ұрпаққа табиғат сұлулығы мен байлығын сақтап қалыңдар деген ишара білдіргендей. Осыншама образдан тұратын бұл картина көрерменге философиялық ой туғызғандай.
«Қазақ, қыпшақ этноинтерьерінде» бау, басқұрмен безендірілген киіз үй ішінде ұлттық киіммен үш қыз отыр. Ақшыл көйлек, қызылды, жасылды камзол бойжеткендердің тал бойына жараса кеткен. Ал көздеріндегі мейірім шуағы бет бейнесіндегі сұлулықпен астасып, айналаны нұрландырып жіберген. Бояуы қанық, өте шебер, композициясы қатаң сақталған туынды ерекше бағалауға тұрарлық.
- Өзіңіздің шеберханаңыз бар ма? Картиналарыңызды сатасыз ба?
- Бірнеше жыл болды, мен жеке шеберханамды әлі салу үстіндемін. Бітіре алмауыма түрлі жағдай себеп болды. Үш ұлымды оқыттым, үйлендірдім. Нарықты жек көремін, картинамды сатумен айналыспаймын...(«сату» деген сөзді жақтырмай қалды - Л.Қ.). Нақты бағаны мен емес, алушы қойса деймін.
Тілектің картиналарын бүгінде Түркия, Германия, Италияның бірқатар азаматы сатып алған.
Тілек біз көріп жүрген суретші-лерге ұқсамайды. Қолы бос кездерде ол қолына домбыра алып, зайыбы Сәния екеуі халық әндерін шырқайды. Одан бөлек, көп уақытын сурет салып, мүсін жасауға, ауласындағы малды қарап, жазда бақшасын баптауға арнайды. «Шарбақ шалға айналдық», - дейді күліп ол.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор және Қанат ЕЛЕУОВ
Суреттерде: 1. «Жерұйық»; 2. «Қазақ, қыпшақ этноинтерьері»; 3. «Көш»;
4. «Айша бибі аңызы»;
5. «Киелі босаға» картиналары