
Махамбет ауданы Таңдай ауылының маңындағы апатты ұңғыманың айналасында құстардың қырылу дерегі алғаш рет тіркеліп отыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев растады. Ал Атырау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сәйкес, ол жерде 15 құстың өлексесі табылған. Олардың бәрі - үйректер.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясы басшысы Әлібек Бақтияровтың сөзінше, үйректердің нақты неден өлгенін анықтау мүмкін болмай отыр, себебі өлекселері шіріп, бұзылғандықтан ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткізуге жарамаған.
Бұл туралы хабарлады. Ол Бақсай ауылдық әкімдігі құстардың өлекселерін өртегенін айтады.
Бұған дейін «АЖ» Таңдай маңындағы мұнай ұңғымасының орнында пайда болған май аралас су айдынының айналасында құстар өліп жатқанын жазған.
Атырау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бірнеше құзырлы органдарға оқиға орнына жедел барып, құстардың қырылу себебін анықтау, су айдынының экологиялық жай-күйіне тексеру жүргізу, қажет болған жағдайда су сынамаларын алып, зертханалық талдауды ұйымдастыруды, сондай-ақ өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырған.
Басқарманың ұсынған ақпаратына сәйкес, хат Махамбет ауданының әкімдігіне, Атырау облысы бойынша экология департаментіне, Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне, Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына, сондай-ақ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясына жолданған.
Осыдан кейін құстар өртелген. Одан бөлек, Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өз құзыретіне су айдындарына санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу мәселесі кірмейтіні белгілі болды.
Сонымен қатар, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясы су сынамасына зерттеу жүргізбейтінін хабарлады. Олар мұны мұнай тәрізді қалдықтардың сынамаларына зертханалық зерттеу жүргізу тәртібі тиісті нормативтік құқықтық актілерде айқындалмаған деп түсіндіреді.
Одан бөлек, Атырау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өз жауабында 2017 жылғы 27 желтоқсандағы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексінің 122-бабының 6-тармағына сілтеп, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінің аумағында бұрын бұрғыланған барлық ұңғымаларды өз балансына қабылдауға және олар бойынша мониторинг жүргізуге міндетті екенін келлтірді.
Осыған байланысты, басқарма тарапынан «Қазақстан Республикасы энергетика министрлігінің мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының батыс өңіраралық басқармасы» РММ-іне «TUMAR PETROL» ЖШС-нің балансындағы мұнай ұңғымасын белгіленген тәртіппен жою мәселесі бойынша заңнамада көзделген тиісті шаралар қабылдау жөнінде хат жолданған.
- Аталған мәселе басқарманың бақылауында, - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі.
Оның сөзінше, Атырау облысы Махамбет ауданының Таңдай ауылы аумағындағы аталған ұңғымада 1960 жылдары «Ембімұнайгаз» АҚ тарапынан бұрғылау жұмыстары жүргізілген. Бұрғылау ұңғымасының жер астына шөгуі салдарынан ойық пайда болып, уақыт өте келе оның іші жер асты суы мен мұнайға толған.
Еске салайық, 2022 жылы 8 қарашада «TUMAR PETROL» ЖШС кәсіпорны көмірсутек шикізатын барлау және өндіруге арналған келісімшартқа отырған. Ұңғыма осы компанияға тиесілі болған. Кейін компания атауын өзгертті. «TUMAR I-Energy» ЖШС деп аталады.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +12.2