
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Теңізшевройл» компаниясымен келісімшартты ұзарту шарттары туралы шетелдік БАҚ-та тараған ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, бейресми дереккөздерге негізделген қауесеттерді талқылауға ешқандай негіз жоқ, деп хабарлайды Nege.Aqsha.
Үкіметте өткен брифингте БАҚ өкілдері Энергетика министріне Қазақстанның «Теңізшевройлмен» келісімшартты қандай шарттармен қайта қарауды жоспарлап отырғаны және бұдан елге қандай экономикалық пайда түсетіні туралы сұрақ қойған болатын.
Алайда бұл сауалдың Reuters агенттігінің ақпаратына негізделгенін білген соң, министр бұндай мәліметтерге түсініктеме беруден бас тартты.
«Шетелдік баспасөзде біреу бірдеңе айтты делік. Бірақ оны растайтын құжат та, нақты дерек те, белгілі бір тұлғаларға жасалған сілтеме де жоқ. Ешқандай негізі жоқ ақпаратқа қалай пікір білдіруге болады?» – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Бұған дейін Bloomberg халықаралық агенттігі де өз дереккөздеріне сүйеніп, Қазақстан тарапы Теңіз кен орны бойынша келісімді 2033 жылдан кейін ұзарту үшін 10 миллиард доллар алуды және жобадағы үлесін 20 пайыздан 35 пайызға дейін арттыруды көздеп отыр деген ақпарат таратқан болатын.
Алайда министрлік өкілдері бұл шарттардың ресми түрде расталмағанын және ешқандай заңды негізі жоқ екенін айтады.
В Атырау +15.6