
Атырау облысында Доссор – Құлсары автожолының бойында орналасқан шаруа қожалықтарына 1000-ға жуық жарық шағылыстыратын лента табысталды. Бұл шара түнгі уақытта қараусыз жүрген малдың кесірінен болатын жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған.
Полиция департаменті «NCOC» компаниясының қолдауымен Мақат ауданындағы мал шаруашылықтарын аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандар мал иелеріне арнайы ленталарды таратып, оларды ірі қараның мойнына тағуды тапсырды. Жарық шағылыстырғыштар жүргізушілерге түнде жол бойындағы төрт түлікті алыстан байқауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, рейд кезінде шаруа қожалық иелеріне малды қараусыз жібермеу және жол қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау туралы ескертулер жасалды.
Тәртіп сақшылары республикалық тасжолдардағы қауіпсіздік ережелерін сақтау және төрт түлікті бақылауда ұстау – жол-көлік оқиғаларының алдын алудағы басты шарт екенін хабарлайды.
В Атырау +15.6