Атырау, 21 қазан 11:40
 дождьВ Атырау +6.2
$ 450.69
€ 505.04
₽ 5.45

Шымкентте екі бала газге уланып қаза тапты: тағы үш адам ауруханаға түсті

72 рет қаралды
видеодан скриншот
видеодан скриншот

Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде қайғылы оқиға болды: екі бала қаза тауып, тағы үш адам ауруханаға жеткізілді. Көршілер мен мамандар оқиғаның себептері туралы әртүрлі болжам айтып отыр. Бұл туралы КТК хабарлады.

Оқиға «Восток» шағынауданындағы көпқабатты үйде болған. Бірінші қабаттағы пәтерді екі отбасы — екі ересек адам мен үш бала бірге жалдап тұрған. Зардап шеккендер туыстарына телефон соғып үлгеріп, соңғы күштерін жинап, көмек сұраған.

«Мен жетіп келдім, бірақ үйге кіргенде қатты шошып кеттім. Қонақ бөлмеде сіңлім көздері ашық күйде ес-түссіз жатты, жағдайы өте ауыр еді. Оның жанында баласы жатты. Мен оны ұйықтап жатыр деп ойладым. Ал қызы жылап, денесі құрыса бастады», — деді зардап шеккендердің туысы Дильбар Саидқожаева.

Оқиға орнына келген дәрігерлер төрт жасар ұл мен 15 жастағы қыздың қайтыс болғанын анықтады. Тағы үш адамды медицина қызметкерлері есін жиғызғаннан кейін шұғыл түрде ауруханаға жеткізді.

Зардап шеккендердің жағдайы

Шымкент қаласындағы Гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермахамбетованың айтуынша, аман қалғандарға «көміртек тотығымен ауыр дәрежеде улану» диагнозы қойылған. Жағдайларының ауырлығына байланысты екі науқас бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.

Қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында 27 жастағы әйел мен оның үш жасар қызы қалып отыр. Анасы жалпы палатаға ауыстырылған, ал бала әлі де жансақтау бөлімінде жатыр. Үшінші аман қалған адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілген.

Оқиғаның себептері туралы болжамдар

Мамандар әзірге төтенше жағдайдың нақты себебін атаған жоқ. Алайда үй тұрғындары отбасы газ жабдықтарының ақауына байланысты табиғи газдан уланған деп есептейді.

«Біз газ су жылытқышынан иіс газы шыққанын естідік. Су жылытқыш ескі болған, ал үйдегі түтін шығаратын құбыр жұмыс істемеген. Сондықтан олар иіс газына уланып қалған», — дейді көршілер.

Алайда газ қызметі әзірге бұл болжамды растаған жоқ. Мамандар өлшеу жұмыстарын жүргізіп, бөлмеде газдың қауіпті концентрациясын анықтамаған. Дегенмен, бірқатар өрескел заңбұзушылықты тіркеген.

«Бұл үйге газбен жұмыс істейтін су жылытқыштарын орнатуға мүлде болмайды. Сондықтан мұндай жабдықты орнату талаптарды бұзу болып саналады. Бірақ қайғылы оқиғаға дәл осы жағдай себеп болды деп әзірге айта алмаймыз», — деп түсіндірді QazaqGaz Aimaq компаниясы Шымкент филиалының өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Нұрбек Рахманов.

Оқиғадан кейін пәтер мөрленіп, бүкіл үйге газ беру уақытша тоқтатылды. Балалардың өліміне нақты не себеп болғанын полиция мен сот сарапшылары анықтап жатыр.

Бүгін, 09:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.