
Қазақстанда азаматтардың әл-ауқатын бағалаудың жаңа жүйесіне қатысты қызу пікірталас өршіп келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тұрмыстық жағдайы жоғары санаттағы азаматтарға әлеуметтік төлемдердің 14 түрін алуға шектеу қоюды жоспарлап отыр. Алайда қазақстандық белгілі сарапшылар автоматты түрде жұмыс істейтін «әл-ауқат калькуляторы» адамдардың нақты өмірлік жағдайын толық көрсете алмайтынын және қоғамда әлеуметтік жіктелуге әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Бұл туралы forbes.kz жазады.
Мәселе «мұқтаждық қағидаты» деп аталатын жүйеге көшуде болып отыр. Жәрдемақы алатын 3,2 миллион адамның шамамен 552 мыңы салыстырмалы түрде әл-ауқаты жоғары санаттарға (А және B) жатқызылған. 2027 жылдан бастап оларды бірқатар әлеуметтік төлемнен, соның ішінде кейбір балалар жәрдемақыларынан айыру жоспарланып отыр.
«Бюджетті үнемдеу көзделгенін ашық мойындаған дұрыс»
Экономист Айдархан Құсайынов әлеуметтік қолдау жүйесін реформалау бастамасын жан-жақты ойластырылмаған деп санайды. Оның пікірінше, «инновациялық тетіктерді» енгізуге талпыныстың артында мемлекеттік қазына шығындарын қысқартуға деген қарапайым ұмтылыс жатыр.
«Соңғы жылдары бюджет әлеуметтік төлемдерді қысқартуға болмайды деген ұстанымға негізделіп жасалды. Алайда салық түсімдері жоспарланған деңгейге жетпеген кезде билік реформа бастап, мұның бюджет үнемдеуге еш қатысы жоқ екенін мәлімдейді. Нақты экономикалық себептерді ашық мойындаған дұрыс болар еді», — деп атап өтті экономист.
Сарапшының пікірінше, дәстүрлі әлеуметтік көмек отбасының барлық мүлкін жаппай тексеруге емес, табысынан айырылған кездегі нақты жағдайына қарай көрсетілуі керек.
«Түрлі түсті шалбарлар иерархиясы»: қоғамның жіктелу қаупі
Құсайынов реформаның ең қауіпті тұсы ретінде халықты әріптік санаттарға (А, B, C және тағы басқа) бөлуді атайды.
«Ауыр жағдайға тап болған адамға көмектесу бір басқа, ал бүкіл халықты санаттарға бөліп, әрқайсысын өз орнына қою мүлде басқа. Бұл — адамдарға таңба басу, қоғамдық келісімге нұқсан келтіретін “түрлі түсті шалбарлар иерархиясы”. Өзін орта таптың өкілі деп санаған адам кенеттен осы калькулятордың өлшемдері бойынша “аса ауқатты” болып шыға келеді. Ал ауыл тұрғыны өзінің осы деңгейден қаншалықты алыс екенін көреді», — дейді ол.
Экономистің пайымдауынша, мемлекеттің міндеті — теңсіздікті арнайы көрсеткіштер арқылы жұртшылықтың назарында айқындай түсу емес, керісінше, оны азайту.
Ипотекадағы пәтер мен несиеге алынған көлік отбасын бай етпейді
Социолог әрі BRIF Research Group зерттеу компаниясының президенті Александр Рузанов басқа мәселеге назар аударады. Оның айтуынша, Қазақстанда мүліктің болуы әрдайым қаржылық тұрақтылықты білдірмейді.
«Біздің елде халықтың несие жүктемесі жоғары. Отбасының ипотекаға алған пәтері және несиеге сатып алған көлігі болуы мүмкін. Қағаз жүзінде мүлкі бар, бірақ табысының басым бөлігін банкке төлейді. Жинағы жоқ. Егер отбасының негізгі асыраушысы жұмысынан айырылса, отбасы бірден кедейлік шегінен төмен түсіп кетуі мүмкін», — деп түсіндіреді социолог.
Рузанов статистикалық мәліметтерді де келтіреді: егер 2010 жылы қазақстандық отбасылар табысының шамамен 41 пайызын азық-түлікке жұмсаса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 52 пайызға дейін өскен. Отбасы бюджетінің жартысынан астамы тамаққа жұмсалса, оның нақты ауқаттылығы туралы айту қиын.
Сарапшылар не ұсынады?
Социолог азаматтардың әлеуметтік жағдайын кешенді түрде бағалау қажет екенін атап өтеді. Бұл ретте тек табыс пен меншікті ғана емес, қарыздарды, жинақтарды және асырауындағы адамдардың санын да ескеру керек.
Сонымен қатар сарапшылар мынадай шараларды ұсынады:
Алгоритмдердің ашықтығы: азаматтар өздерінің неліктен белгілі бір санатқа жатқызылғанын нақты түсінуі керек.
Шешімге шағымдану құқығы: адамдарға апелляция беріп, есептеуге негіз болған бастапқы деректерді нақтылау мүмкіндігі ұсынылуы қажет.
Кең көлемді түсіндіру жұмыстары: реформаның мәні халыққа түсіндірілмесе, ол қоғамның наразылығын күшейтіп, билікке деген сенімнің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Әлеуметтік көмекті шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттап, сонымен бірге адамдардың өздерін құқықтары шектелгендей сезінуіне жол бермеу мәселесі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үшін басты сын-қатер болып қала береді.
В Атырау +6.2