
Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік күзет қызметімен (МҚҚ) бірлесіп, Астанада «Пепе» деген сүйкімді атауы бар есірткі сататын ірі интернет-дүкеннің жолын кесті. Топтың бес мүшесі әдеттегі есірткі заттарын өндіріп, сатумен қатар, каннабис қосылған кондитерлік өнімдер де пісірген.
Арнайы операция елорданың бірнеше жалдамалы пәтерінде бір мезгілде жүргізілді. 30 жастан асқан бес ер адам ұсталды. Заңсыз «бизнесте» нақты иерархия қалыптасқан: ұйымдастырушы мен қоймаға жауапты адамнан бастап, есірткіні өлшеп-ораушылар мен жасырын орындарға орналастырушыларға дейін міндеттер бөлінген.
«Кондитерлерден» не табылды?
Жедел уәкілдердің ерекше назарын интернет-дүкеннің тауар ассортименті аударды. Есірткі саудасымен айналысқандар каннабис шайыры қосылған печенье өндіруді жолға қойған. Олардан жалпы салмағы 24 келіге жуық осындай 238 дана кондитерлік өнім тәркіленді. Әр печеньенің салмағы 100 грамм болған.
Тінту барысында полицейлер жалпы көлемі шамамен 12 келі болатын тыйым салынған заттарды тәркіледі:
8 келіден астам марихуана;
2 келі каннабис шайыры;
1,5 келі гашиш.
Есірткі заттарынан бөлек, ұсталғандардан ірі көлемдегі қолма-қол ақша, банк карталары, вакуумдық қаптау құрылғылары, брикеттер, таразылар және «тауарды» орауға арналған түрлі түсті оқшаулағыш таспалар тәркіленді.
«Ұсталғандарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы (Есірткі құралдарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, сақтау және тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп хабарлады ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов.
Күдіктілерге ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. «Пепе» дүкенінің жұмысы біржола тоқтаған сияқты.
В Атырау +10.7