
Қазақстандық тауар өндірушілер еліміздің сауда желілерінің сөрелерінде басымдыққа ие болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 20 қазаннан бастап әрбір тауар санаты мен кіші санатында отандық өнімнің міндетті ең төменгі үлесін айқындайтын нормативтік талаптар күшіне енеді. Жергілікті брендтерді қолдау аясында министрлік ірі сауда желілерімен 72 меморандумға қол қойып үлгерген.
Сауда статистикасы: 9 айда 61 трлн теңге
Министр биылғы жылдың үш тоқсанындағы саланың негізгі көрсеткіштерін де жариялады:
Сауданың жалпы көлемі 61 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға жоғары.
Көтерме сауда көлемі 40,7 трлн теңгені құрады.
Бөлшек сауда көлемі 20,5 трлн теңге деңгейінде тіркелді.
Елдегі жалпы сауда айналымының 70%-дан астамы дәстүрлі түрде бес өңірге тиесілі. Олар — Алматы, Астана, Шымкент қалалары, сондай-ақ Атырау және Қарағанды облыстары.
Сату құрылымында өңдеу деңгейі жоғары тауарлар басым. Олардың қатарында автомобильдер, тұрмыстық техника, фармацевтикалық өнімдер, азық-түлік, сусындар және құрылыс материалдары бар.
Сонымен қатар жыл басынан бері республика бойынша «Дала дәмі» бірыңғай брендімен 5,6 мың ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді.
Премьер-министрдің тапсырмасы
Баяндаманы тыңдаған Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканың одан әрі өсуі мен өндіріс көлемін ұлғайту сыртқы нарықтарға белсенді шығусыз мүмкін емес екенін атап өтті.
Үкімет басшысы тиісті ведомстволарға қазақстандық өнімдерді шетелде ілгерілету, экспорттық жеткізілімдердің географиясын кеңейту және жаңа өткізу нарықтарын игеру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
В Атырау +25.2