Атырау, 9 қазан 16:41
 дождьВ Атырау +23.8
$ 448.94
€ 502.05
₽ 5.26

Қазақстанда A(H1N1)pdm09 тұмауының алғашқы жағдайлары анықталды

68 рет қаралды

Қазақстанда маусымдық A(H1N1)pdm09 тұмауының алғашқы бес жағдайы тіркелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Эпидемиологиялық мониторинг мәліметтері бойынша, үш жағдай Астанада, ал екеуі Маңғыстау облысында анықталған. Барлығы 834 зертханалық сынама тексеріліп, оның бесеуінен оң нәтиже шыққан.

Сонымен қатар соңғы аптада жіті респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) сырқаттану деңгейі 10,2%-ға төмендеді. Есепті кезеңде 127 266 жағдай тіркелген, ал алдыңғы аптада бұл көрсеткіш 140 273 болған. Қыркүйек айының басынан бері ЖРВИ-дің 760 182 жағдайы анықталды.

Зертханалық мониторинг нәтижесінде басқа да респираторлық вирустардың таралуы анықталды. Атап айтқанда:

  • риновирустық инфекцияның 68 жағдайы;

  • маусымдық коронавирус инфекцияларының 47 жағдайы;

  • бокавирустық инфекцияның 50 жағдайы;

  • парагрипптің 32 жағдайы;

  • аденовирустық инфекцияның 27 жағдайы;

  • респираторлық-синцитиалды вирустың (РС-вирус) 2 жағдайы;

  • метапневмовирустық инфекцияның 1 жағдайы тіркелді.

Тұмауға қарсы тегін вакцинация жүргізу үшін «Гриппол Плюс» вакцинасының 2,1 млн дозасы сатып алынды. 7 қазандағы жағдай бойынша 240 375 адам екпе алған.

Бірінші кезекте тегін вакцинация медицина қызметкерлеріне, жүкті әйелдерге, диспансерлік есепте тұрған балаларға, жетім балаларға, медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын адамдар мен сол мекемелердің қызметкерлеріне, сондай-ақ басқа да қауіп тобындағы азаматтарға жүргізіледі.

Денсаулық сақтау министрлігі қазан айы вакцина салдыруға қолайлы кезең екенін еске салды. Себебі екпеден кейін иммунитет шамамен екі апта ішінде қалыптасады.

Дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамақ ауруы немесе респираторлық инфекцияның басқа белгілері пайда болған жағдайда министрлік үйде қалуды, медициналық көмекке жүгінуді және өз бетінше емделмеуді ұсынады.

Бүгін, 15:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.