Атырау, 8 қазан 12:11
 дождьВ Атырау +16.4
$ 447.14
€ 500.35
₽ 5.24

Burj Khalifa жанындағы жеті пәтер: журналистер Перизат Қайраттың туыстарының шетелдегі активтерін анықтады

109 рет қаралды

Қайырымдылық қаражатын жымқырғаны үшін сотталған Перизат Қайраттың туған нағашысының отбасы Дубайда жалпы құны 2,67 миллиард теңгені ($5,9 млн) құрайтын элиталық жылжымайтын мүлік портфеліне иелік етеді. Бұл ретте апартаменттердің ресми иелері қарапайым риелтор болып жұмыс істейді, деп жазады «Выход к морю».

БАӘ жылжымайтын мүлік тізілімінен белгілі болғандай, 2020–2022 жылдар аралығында — дәл «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорының бұрынғы басшысының қоғамдық қызметі белсенді өркендеген кезеңде — Гүлбану Алашбаеваның атына премиум-кластағы тұрғын үй кешендерінен жеті апартамент тіркелген. Алашбаева — Перизат Қайраттың бұрын алаяқтық ісі бойынша жеті жылға сотталған анасының туған бауыры Сәбит Алашбаевтың жұбайы.

Дубайдағы активтердің қомақты тізіміне қарамастан, ерлі-зайыптылар ірі қазақстандық кәсіпкерлер қатарында жоқ. Олардың атына Астана мен Ақтөбеде тек екі жеке кәсіпкерлік тіркелген.

Туыстарының атына қандай жылжымайтын мүлік жазылған: 

  • Burj Khalifa (Forte Tower II): автотұрағы бар екі бөлмелі пәтер ($878,6 мың);
  • Vida Dubai Mall Tower II: екі пәтер ($750 мың және $1,12 млн);
  • Bellevue Towers: үш бөлмелі апартамент ($735 мың);
  • Azure Residence: Пальма Джумейрадағы екі пәтер ($1,65 млн);
  • Harbour Views: Дубай каналына көрінісі бар пәтер ($780 мың).

Тергеу кезеңінде ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) азаматтардан іс бойынша айыпталушылардың үшінші тұлғаларға тіркелген шетелдік мүлкі туралы хабарлауды сұраған еді, алайда Дубайдағы элиталық жылжымайтын мүлік ол кезде іс материалдарына енбей, тәркілеуге ілікпей қалған.

Еске сала кетейік, 2025 жылы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесуге және Палестинаны қолдауға жиналған 3,5 млрд теңгені жымқырғаны және заңдастырғаны үшін 10 және 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол кезде сотталғандардан Қазақстандағы құны 900 млн теңгеге жуық мүлкі, соның ішінде премиум-кластағы автокөліктер, Астанадағы пәтерлер, люкс брендтік заттар мен банктердегі шоттар тәркіленді. Туыстарының жаңадан анықталған Дубайдағы активтері де құқық қорғау органдарының назарын аударуы әбден мүмкін.

Бүгін, 11:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.