
Теннесси штатында 50 жастағы Криста Пайкке екі рет өлімге әкелетін инъекция жасалғанымен, ол тірі қалып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды BBC.
Жоғарғы сот прокурордың өтінішін қанағаттандырып, төменгі соттың уақытша тоқтату шешімін жойғаннан кейін жазаны орындауға рұқсат берілген.
Куәгерлердің айтуынша, инъекциядан кейін Пайк әлі де тыныс алып жатқан, ал кейін жедел жәрдем көліктері түрмеге келген. Штаттың түзету департаменті барлық протокол сақталғанын мәлімдеді, алайда екінші доза енгізілгеннен кейін де сотталушы тірі қалған жағдайда әрекет ету тәртібі құжатта көрсетілмеген.
Адвокаттар оның жүрегі соғып тұрғанын, реанимациялық шаралар жасалып жатқанын хабарлады. Сарапшылар препараттың қажетті концентрациясы қанға түспеген болуы мүмкін екенін айтады. Бұл жағдайды Death Penalty Information Center «бірегей әрі бұрын-соңды болмаған» деп атады, себебі бұған дейін инъекция жасалғаннан кейін тірі қалғандар болмаған.
Губернатор Билл Ли жыл соңына дейін штаттағы барлық өлім жазаларын тоқтатып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тәуелсіз тексеріс жүргізуді тапсырды.
Криста Пайк 1996 жылдан бері өлім жазасын күтіп отырған. Ол 18 жасында бойфрендімен бірге 19 жастағы студент Коллин Слеммерді азаптап өлтіргені үшін айыпталған. Егер үкім орындалса, Пайк Теннесси штатында соңғы 200 жылдан астам уақыт ішінде өлім жазасына кесілген алғашқы әйел болар еді.
Бұл оқиға АҚШ-тағы өлім жазасының заңдылығы мен орындалу әдістеріне қатысты жаңа пікірталастарды күшейтті.
В Атырау +21.5