
Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И Бейжіңдегі кездесуде Жапонияға ескерту жасады. Ол Жапония Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі агрессивті саясаты мен әскери қылмыстарынан сабақ алмаса, «болашағы болмайды» деп мәлімдеді, деп хабарлайды АА.
Ван И Жапония халықаралық саудаға жәрдемдесу ассоциациясының төрағасы Такэси Иваумен кездесіп, Токио процесінің 80 жылдығын еске салды. Оның айтуынша, Жапония «бейбіт конституцияға» қарсы шығып, милитаризмді қайта жандандыруға және әскери қылмыскерлерді ақтауға тырысса, әлемдік қауымдастық алдында беделін жоғалтады.
Министр Жапонияның басты міндеті — Тайвань мәселесінде «қате мәлімдемелер мен әрекеттерін» түзету, тарихи проблемаларға қатысты дұрыс ұстаным қалыптастыру және Қытайға объективті көзқарас орнату екенін атап өтті.
Бұл сөздер Бейжің мен Токио арасындағы шиеленіс жағдайында айтылды. Бұған дейін Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити Тайваньдағы ықтимал қақтығысқа әскери араласу мүмкіндігін жариялап, Қытайдың қатты наразылығын тудырған еді.
Кейіннен Такаити өз сөзін «гипотетикалық сипатта» деп түсіндіргенімен, Пекин ресми нота жолдап, екі ел арасындағы қатынастар саяси, мәдени және экономикалық салаларда күрделене түсті.
В Атырау +18.1