Атырау, 29 қыркүйек 11:44
 дождьВ Атырау +18.1
$ 441.77
€ 502.38
₽ 5.23

Атырау әкімдігінде миллиардтаған теңгеге қатысты кемшілік анықталды

70 рет қаралды

Қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөліміне аудиттік тексеру өтті.

Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті ТҮКШ бөлімінің 2024 жылғы қаңтар мен 2025 жылғы тамыз аралығындағы қызметін тексерді. Тексерушілер бөлінген бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтерді жоспарлау, пайдалану және сақтау кезінде бюджеттік және өзге де заңнаманың сақталу мәселесін қарастырды. Нәтижесінде 2,5 млрд теңгеден астам сомаға әртүрлі сипаттағы заңбұзушылықтар анықталды.

«АЖ» редакциясының сауалына орай департамент кейбір деректерді ұсынды. Мәселен, аудиторлардың пікірінше, ТҮКШ бөлімі мекеме теңгерімінде болмаған жылу желілерін ұстап тұруға «Qenes Engineering» мердігер ЖШС-не 199,1 млн теңгені негізсіз төлеген.

Орындалмаған жұмыс көлемі үшін, атап айтқанда, Әбілқайыр хан даңғылындағы, соның ішінде Абай атындағы Оқушылар орталығының аумағындағы суаруға арналған су құбырын қалпына келтіруге байланысты «Интер Тех Строй» ЖШС есепшотына тағы 43 млн теңге түскен.

Бұдан бөлек, қаланың орталық көшелеріндегі аулаларды көркейту бойынша орындалмаған жұмыстар үшін «Атыраукөлік» ЖШС-не 144,7 млн теңге аударылған.

Сондай-ақ ТҮКШ бөлімі «Жайық Сити» ЖШС-н 31 млн теңге сомасына негізсіз қаржыландырған. Бұл фирма Тайманов көшесіндегі тұрғын үйдің қасбетін жөндеп, техникалық ерекшелікте көзделмеген жұмыстарды жүргізген.

«Мекемеге анықталған заңбұзушылықтарды жою және аталған заңбұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама жіберілді. Қазір нұсқаманы орындау мәселесі бойынша сот талқылауы жүріп жатыр», – делінген облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Талғат Мақсотов қол қойған хатта.

Еске салсақ, жақында тағы бір аудиттің — көшеде иесіз жүрген жануарларды аулауды қаржыландыруға байланысты заңбұзушылықтар анықталған ветеринариялық станциядағы аудиттің де нәтижесі белгілі болған еді.

Лев ГУЗИКОВ

Көрнекі сурет ЖИ арқылы жасалған

Бүгін, 10:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.