
Аудит қорытындылары сотта дауланып жатыр, ал «Ақ Жайық» редакциясы ақпарат жинау барысында тосын қарсылыққа тап болды.
Ел бойынша тексерулер көктемде басталған еді. Бұған Мәжіліс депутаты Константин Авершиннің (қазіргі таңда – Құрылтай депутаты) хаты себеп болған. Ол қаңғыбас жануарларды аулау, күтіп‑бағу және жоюға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына аудит жүргізуді бастамашы болған еді.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен жануарларға қатысты бағдарламаларды іске асыру кезінде заң бұзушылықтар болуы мүмкін деген мәліметтерді қамтитын көптеген өтініштер келіп түсуде, – деп жазды ол депутаттық сауалында. – Түскен материалдарды талдау бюджет қаражатының едәуір көлемін пайдалану мен сатып алу рәсімдерін ұйымдастыруға байланысты жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді».
Соңында Авершин тиісті ведомстволардан мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуын, ықтимал аффилиация белгілерін, қаржылық есептердің дұрыстығын, сондай‑ақ сатып алулар мен ветеринарлық препараттарды қолданудың негізділігін тексеруді сұрады.
Атыраудағы тексеріс қалалық ветеринарлық станцияны қамтыды. Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің дерегінше, 2023–2024 жылдары бұл мекемеде 224,2 млн теңге көлемінде қаржылық заң бұзушылықтар анықталған.
Тексерушілердің пікірінше, 2023 жылы «Городская служба отлова» ЖШС‑мен негізсіз келісім жасалып, оған 34,9 млн теңге төленген. Бұдан бөлек, «Open Service» және «Forward Star» ЖШС‑лері тендер жеңімпазы атанғанымен, жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қызметін атқаруға рұқсаттары болмаған.
Аудит қорытындысына сәйкес, бұл компанияларға: Open Service — 2023 жылы 98 млн теңге, 2024 жылы 48,3 млн теңге; Forward Star — 42,8 млн теңге негізсіз төлемдер жасалған.
Аудит қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою және кінәлі тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама енгізілді. Алайда ветеринарлық станция бұл шешіммен келіспей, заңды құқығын пайдаланып сотқа жүгінді. Бірінші сатыдағы сот аудит тұжырымдарын дұрыс деп танып, оларды орындауға міндеттеді.
«Атырау қалалық ветеринарлық станциясы» МҚК‑ның «Ақ Жайық» редакциясына берген жауабында аудит барысында бірқатар заң бұзушылықтар жіберілгенін атап өтті: есепті дайындау кезінде мекеменің уәждері ескерілмеген, кейбір тұжырымдар заң нормаларына негізделмеген, ал тексеріс белгіленген мерзімнен асып кеткен. Соңғысы заң тұрғысынан маңызды, себебі мерзімдер жауапкершілікке тарту мүмкіндігіне тікелей әсер етеді. Бұл жағдайда — тәртіптік жауапкершілікке. Ветстанция осылай деп санайды.
«Ақ Жайық» редакциясы ақпарат жинау барысында аудит департаменті мен сот тарапынан тосын қарсылыққа тап болды. Олар істің апелляциялық сатыда қаралып жатқанын алға тартып, жұртшылыққа толық ақпарат жеткізу міндетті емес деп ұйғарыпты.
Кейін заңдық тұрғыда жазбаша түсіндірме берілген соң, департамент сұралған деректерді ұсынды. Ал сот ақпарат беруден бас тартты, тиісті құжатқа әкімшілік істер жөніндегі алқаның төрайымы Анаргүл Салихова қол қойған. Енді оның әрекеттерінің заңдылығын Бас прокуратура мен Қазақстан Республикасының Жоғарғы сот кеңесі қарайды. Редакция бұл органдарға тиісті өтініштер жолдады.
Бұл оқиғаның әзірге қорытындысы қарапайым әрі жағымсыз: мемлекеттік аудит дерегіне сәйкес, 224,2 млн теңге көлемінде қаржылық заң бұзушылықтар анықталған. Ал ветеринарлық станция бұл тұжырымдардың заңдылығын сотта даулап отыр.
Сонымен қатар, осы қаражаттың қалай жұмсалғаны туралы ақпарат алу оны игеруден де қиын болып шықты. Ашықтықтың орнына — ресми жауаптар мен сілтемелер, жариялылықтың орнына — «іс апелляцияда қаралып жатыр» деген уәждер беруде. Ал шын мәнінде, соттағы дау қоғамға қажет деректерді жасыруға себеп емес — ол мемлекеттік құпияға жатпайды.
Енді бұл істі қарау құзырлы органдардың міндетіне айналды: олар жануарларды аулауға бөлінген бюджет миллиондарының қаншалықты негізді жұмсалғанын ғана емес, тағы бір маңызды мәселені — заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз етуге тиісті мемлекеттік құрылымдар неге журналистерге кедергі жасап, салық төлеуші халықтың ақшасының қайда кеткенін білуге тосқауыл қойғанын анықтауы тиіс.
Лев ГУЗИКОВ
Фотоиллюстрация жасанды интеллект арқылы жасалған
В Атырау +29.4