
Ауа сапасына қатысты жаңа шағымдардан кейін «Ақ Жайық» редакциясы Атырау қаласы мен Жылыой ауданына ерекше экологиялық мәртебе беру бастамасы төңірегінде не болып жатқанын және бұл жұмыста Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қандай рөл атқаратынын анықтады.
Редакция Атырау облысының әкімдігіне сауал жолдап, экологиялық жағдайдың халық денсаулығына әсерін зерттеу бойынша ДДСҰ-мен жұмыс қалай жүріп жатқанын хабарлауды сұрады.
Әкімдіктің жауабынан белгілі болғандай, Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы экологиялық жағдайды зерттеу жөніндегі арнайы комиссия 12 маусымда облыстың соған дейінгі әкімі Серік Шапкеновтің қаулысымен құрылған. Болат Ақшолақов өңірді басқаруға кейін 17 шілдеде келді.
Бұған тұрғындардың бірнеше мәрте жасаған өтініштері себеп болды. Олар билік өкілдерімен кездесуде және әлеуметтік желіде Атырау қаласы мен Жылыой ауданын төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық апат аймағы деп тану туралы мәселені көтерген.
Сонымен бірге, әкімдіктің өзі мұнайлы өңіріндегі қарқынды өндірістік қызметтің атмосфералық ауаға, су мен жер ресурстарына, табиғи экожүйелерге және халық денсаулығына әсер ететінін мойындап отыр.
Комиссия құрамына депутаттар, мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымдастықтың, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, азаматтық қорғау, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері кірді.
Оның жұмысына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері де қатысты.
— ДДСҰ өкілдері әдіснамалық және консультациялық қолдау көрсетті, — деп хабарлады Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.
Бұл ретте ДДСҰ-ның қатысуы жауапта егжей-тегжейлі ашып көрсетілмейді. Әкімдік бөлек медициналық немесе эпидемиологиялық зерттеулердің жүргізілген-жүргізілмегенін, тұрғындардың денсаулық жағдайы туралы нақты қандай мәліметтер зерттелгенін және олардың нәтижеcі жарияланатын-жарияланбайтынын нақтыламады.
Комиссия не шешті
Облыстық биліктің мәліметінше, комиссия жоспарланған барлық отырысты өткізіп, экологиялық жағдай туралы материалдарды, мониторинг нәтижелерін және қолда бар зерттеулерді зерделеген.
— Комиссия жұмысының нәтижесі бойынша тиісті қорытынды дайындалып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әрі қарай қарау және шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне жіберілген құжаттар пакеті қалыптастырылды, — деп хабарлады Руслан Жұмағазиев.
Атырау қаласы мен Жылыой ауданына арнайы экологиялық мәртебе беру туралы түпкілікті шешім әлі жоқ. Сонымен бірге, ластанудың халық денсаулығына әсері нақты қалай бағаланатыны және ДДСҰ-ның қатысуымен мамандардың қандай тұжырымға келгені туралы сұраққа редакция нақты жауап ала алмады.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +17.5