
Атырауда 3 қыркүйекке қараған түні бірнеше ауданда күкіртсутектің өткір иісі сезілді. Сол уақытта AirKZ қосымшасы бірқатар бақылау бекеттерінде ауаның «өте жоғары» деңгейде ластанғанын көрсетті.
Жилгородок тұрғынының айтуынша, иіс әсіресе «Залина» аялдамасы маңында қатты байқалған.
«Қолқаны қапқан иіске шыдау мүмкін болмады. Ұйықтар алдында жүрек айнып, құсқымыз келді. Дереу терезелерді жауып, үйдегі иісті кетіру үшін ауа тазартқышты қостық. Мұндай мүмкіндігі жоқ адамдар үшін қатты алаңдаймын», — деді ол.
«Сауран» сауда орталығы маңында тұратын тұрғын да қатты иіске шағымданды. Оның айтуынша, сол түні күкіртсутектің иісі ерекше өткір сезілген.
Тұрғындардан түскен шағымнан кейін түнгі сағат бірлер шамасында «Ақ Жайық» AirKZ қосымшасындағы деректерді тексерді. Қаладағы бірнеше бақылау бекетінде көрсеткіштер «қызыл аймақта» тұрғаны анықталды.
Сағат 01:00-де «Восток» ауданында күкіртсутек концентрациясы 22,0 мкг/м³, яғни 2,8 ШРК болды. Бір сағаттан соң ол 23,9 мкг/м³-ке (3 ПДК) дейін өсті. Екі жағдайда да AirKZ бұл деңгейді «өте жоғары» деп белгіледі.
Жилгородокта сағат 02:00-де күкіртсутек деңгейі 10,0 мкг/м³ (1,2 ШРК) болып тіркелді. Бұл көрсеткіш те қосымшада «өте жоғары ластану» ретінде көрсетілді.
Тағы бір «қызыл аймақ» белгісі Т. Бигелдинов көшесі, 10А мекенжайындағы бақылау бекетінде тіркелді. Сағат 01:00-де онда азот диоксидінің концентрациясы 207 мкг/м³ болды. AirKZ бұл деңгейді де «өте жоғары» деп көрсетті.
Түн ішінде жоғары көрсеткіштер Атыраудың басқа бекеттерінде: Химпоселокта, АМӨЗ аумағындағы «Пропарка» және «Перетаска» учаскелерінде де байқалды. Кейін күкіртсутек бойынша артық деңгей Авангардта және әкімдік маңында тіркелді.
Атырау тұрғындарының күкіртсутектің өткір иісіне қатысты шағымдары бірнеше бақылау бекеттеріндегі жоғары көрсеткіштермен сәйкес келді. Дегенмен, ластану көзі әлі анықталған жоқ.
Атмосфералық ауаның сапасын бақылау жөніндегі мониторингтік топтың кезекшілік кестесіне сәйкес, алдағы күндері Ұлттық сараптама орталығының мамандары қосымша өлшеулер жүргізіп, зертханалық талдау жасайды.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +26.8 


