Атырау, 22 қыркүйек 12:00
 дождьВ Атырау +17.5
$ 448.44
€ 514.81
₽ 5.33

Уәде етілген мерзім аяқталды: Атырауда экологтардың зертханасы әлі жұмыс істемей тұр

67 рет қаралды

7 қыркүйекте Атырау облысы Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов өзінің зертханасын аккредиттеуді 10–15 күн ішінде алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын. Бүгін, 22 қыркүйекте бұл мерзім аяқталады, алайда зертхана әлі де жұмыс істемей тұр.

Зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің алдыңғы аттестаты 2021 жылғы 30 сәуірде бес жыл мерзімге берілген болатын. Оның қолданылу мерзімі 2026 жылғы 30 сәуірде аяқталуы тиіс еді, бірақ«Ұлттық аккредиттеу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны оны 30 шілдеге дейін ұзартты.

Осы уақыт ішінде қайта аккредиттеуді аяқтау мүмкін болмады. Жаңа ресми жауабында Жүсіпов рәсім барысында жойылуы тиіс сәйкессіздіктер анықталғанын хабарлады. Ол аттестатты алудың жаңа мерзімін атамады.

Әзірге өлшеулерді басқа аккредиттелген қызметтер жүргізіп жатыр. 

- Аккредиттеу тоқтатылған кезеңде атмосфералық ауа сапасын бақылау аккредиттелген басқа зертханалардың қатысуымен, яғни, «Қазгидромет» РМК Атырау филиалы және Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ стационарлық бақылау бекеттерінің деректері негізінде жүзеге асырылады, - деп хабарлады Жүсіпов. 

Бұдан бөлек, Атырау облысы бойынша бес табиғат пайдаланушы - «Атырау жылу электр станциясы» ЖШС, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясы, «Теңізшевройл» ЖШС, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС және «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС - автоматтандырылған мониторинг жүйесін (МАЖ) орнатып, оның төртеуі қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы «Ұлттық деректер банкі» жүйесіне деректер беруде».

Анықтама: МАЖ — негізгі стационарлық көздердегі қоршаған ортаға эмиссия көрсеткіштерін бақылайтын автоматтандырылған жүйе. Ол өндірістік экологиялық бақылау кезінде эмиссиялар туралы деректерді нақты уақыт режимінде ақпараттық жүйеге беруді қамтамасыз етеді.

«Атырау қаласының атмосфералық ауасына сынама жүргізу» кестесіне сәйкес, департаменттен бөлек, Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен «Қазгидромет» мамандары апта сайын кезекшілік атқарып, қала аумағындағы атмосфералық ауа сапасына мониторинг жүргізеді.

Қазақстанның елді мекендеріндегі атмосфералық ауаның жай-күйі туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «Қазгидромет» РМК тұрғындарға арналған AirKz мобильді қосымшасын 2018 жылы іске қосты. Ал 2019 жылдың қыркүйегінен бастап атмосфералық ауа сапасының интерактивті картасы әзірленіп, іске қосылды. Сонымен қатар қоршаған орта жай-күйі жөніндегі ақпараттық бюллетень жасақталып, деректер барлығына қолжетімді.

Ақпараттық бюллетень «Қазгидромет» РМК мамандандырылған бөлімшелерінің қоршаған ортаның жай-күйіне жүргізген мониторингі нәтижелері бойынша дайындалады. Бюллетень мемлекеттік органдарды, жұртшылықты және тұрғындарды Атырау облысындағы қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпараттандыруға арналған. Сондай-ақ ол ластану деңгейіндегі өзгерістерді ескере отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы іс-шаралардың тиімділігін бағалау үшін қажет.

Ал ластаушы заттар анықталған жағдайда олардың нақты көзі қалай белгіленетіні туралы редакцияның сұрағына тікелей жауап берілген жоқ. Департамент өзінде бар деректер көзін тізіп бергенімен, ластануға кінәлі тарапты анықтау механизмінің өзін түсіндірмеді.

Үш айға ұзартылғанына қарамастан, қайта аккредиттеуді алдын ала белгілі болған мерзімге дейін неліктен аяқтау мүмкін болмағаны туралы сұрақ та ашық қалып отыр. Әсіресе ауа сапасына қатысты шағымдар әлдеқашан жүйелі сипат алып отырған Атырауда экологиялық бақылауға жауапты бейінді ведомство үшін мұндай жағдай қолайсыз болып көрінеді. 

Айнұр САПАРОВА

Кеше, 16:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.