
Технология саласындағы ЕО-ның басты реттеушісі рөлін атқаратын Ирландияның Деректерді қорғау жөніндегі комиссиясы (DPC) Google-ға қарсы алты жылға созылған тергеуді аяқтады. Пайдаланушылардың орналасқан жері туралы деректерді жинау және сақтау кезіндегі заңбұзушылықтар үшін техногигантқа 403 млн еуро ($460 млн) көлемінде айыппұл салынды, деп жазады euronews.com.
Тергеу еуропалық құқық қорғау ұйымдарының шағымдары бойынша 2020 жылдың ақпанында басталған болатын. Тексеру 2018 жылдың мамыры мен 2020 жылдың ақпаны аралығындағы кезеңді қамтып, сервистің негізгі функцияларына тиді: «Интернеттегі және қолданбалардағы әрекеттер», «Орналасқан жерлер тарихы» және «Орналасқан жердің дәлдігі».
Реттеуші IT-гиганттың геодеректерді заңсыз өңдегенін, азаматтарға оларды жинау мақсаттары туралы тиісті түрде хабарламағанын және құпия ақпаратты рұқсат етілген мерзімнен ұзағырақ сақтағанын анықтады.
«Геолокация туралы деректер адамның тым жеке өмірін ашады. Осы заңбұзушылықтардың салдарынан адамдар өздерінің бағдарлары жарнаманы таргетингтеу үшін пайдаланылып жатқанын күтпестен, дербес деректеріне бақылауды іс жүзінде жоғалтты», — деп атап өтті DPC комиссарының орынбасары Грэхем Дойл.
Айыппұл төлеуден бөлек, Google компаниясының өз сервистерін ЕО-ның деректерді қорғау жөніндегі қатаң регламентіне (GDPR) толық сәйкестендіруге алты ай уақыты бар. Бұл айыппұл санкциялардың ұзын-сонар тізімін толықтырды, ал олардың жүйелі түрде салынуы еуропалық реттеушілер тарапынан Big Tech-ке бақылаудың күшейгенін білдіреді.
В Атырау +29.4