
Еуропалық комиссия балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеуге бағытталған заң жобасын жариялады, деп хабарлады BBC News Русская служба.
Егер ол қабылданса, ЕО-ның барлық 27 елінде 13 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді, бейне платформаларды, чатботтарды және ЖИ-компаньондарды қолдануға толық тыйым салынады. Ал 13–14 жастағы жасөспірімдер тек ата-аналарының аккаунты арқылы кіріп, күніне бір сағат қана пайдалана алады.
15–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге жеке аккаунт ашуға рұқсат берілмек, бірақ оларды зиянды контенттен қорғау үшін платформаларға қатаң талаптар қойылады. ЕК, атап айтқанда:
шексіз лентаны төмен айналдыруды;
пайдаланушы профиліне негізделген ұсыныстарды;
бейтаныс адамдармен байланыс орнатуды;
чатботтар мен ЖИ-компаньондардың эмоционалды тәуелділік тудыратын қарым-қатынасын тыймақ.
Бұл шаралар жасөспірімдердің психологиялық тәуелділігін азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, барлық балалар мен жасөспірімдердің аккаунттары әдепкі бойынша жартылай жабық болуы тиіс: геолокация, камера және микрофон өшіріледі.
Заң жобасы орындалмаған жағдайда компанияларға жылдық табысының 6%-ына дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұған дейін ЕК Meta компаниясына (Facebook, Instagram) ескерту жасаған болатын.
Жоба заңға айналуы үшін ЕО елдері мен Еуропарламенттің қолдауы қажет. Бұл бірнеше айға созылуы ықтимал. Кейбір елдер — Франция, Австрия, Дания, Греция, Испания — бұған дейін өз деңгейінде шектеулер енгізуге талпыныс жасаған.
Қарсы тараптар мұндай тыйымдарды жүзеге асыру қиын екенін, сондай-ақ жеке деректердің құпиялылығына қауіп төнуі мүмкін екенін айтады. ЕК болса, жас ерекшелігін тексеру арнайы қосымша арқылы жүргізілетінін және деректер ешқайда берілмейтінін мәлімдеді.
Еуропалық комиссия Австралия тәжірибесін зерттеген: ол елде 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге тыйым салынғанымен, заңды орындауда қиындықтар туындаған. Ұлыбритания да келесі жылдан бастап осыған ұқсас шектеулер енгізуді жоспарлап отыр.
Жалпы, ЕО-дағы қоғамдық пікірдің басым бөлігі (92%) балаларды интернеттегі зиянды әсерден қорғауды басты міндет деп санайды.
В Атырау +24.4