
Еуропалық комиссия Frontex агенттігінің өкілеттігін кеңейтуге дайындалып жатыр, деп хабарлайды АА.
Брюссельде орналасқан Euractiv басылымының хабарлауынша, жаңа регламент Frontex-ке үшінші елдермен ынтымақтастықты күшейту, заңсыз мигранттарды қайтару, трансшекаралық қылмыспен күрес және гибридтік қауіптерге қарсы іс-қимыл бағыттарында қосымша өкілеттіктер беруді көздейді.
Сонымен қатар, Еурокомиссия Frontex-тің тұрақты корпусын қазіргі 10 мыңнан 30 мың қызметкерге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Толық мәліметті Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен 16 қыркүйекте «Одақтың жағдайы» атты баяндамасында жариялайды деп күтілуде.
Жоспарға сәйкес агенттік мигранттарды қайтару операцияларына белсендірек қатысып, үшінші елдерде жұмысын жеңілдететін икемді келісімдер жасай алады. Бұдан бөлек, Frontex-тің өкілеттігіне әлеуметтік желілердегі дезинформацияны бақылау, құрлықтағы шекаралар үстіндегі әуе кеңістігін қадағалау және дрондардан туындайтын қауіптерге қарсы іс-шаралар енгізілуі мүмкін.
Алайда кейбір ЕО елдері Frontex-тің қорғанысқа қатысты рөлінің кеңеюіне сақтықпен қарайды. 2004 жылы құрылған агенттік жылдар бойы бюджетін, персонал санын және өкілеттігін айтарлықтай арттырғанымен, мигранттарды заңсыз шекарадан шығару және құқық бұзушылықтар үшін жиі сынға ұшыраған.
Жаңа регламент Frontex-ке ЕО-ның қатаңдап келе жатқан миграциялық саясатын іске асыруда орталық рөл беруді мақсат етеді. Дегенмен сыншылар бақылау және құқықтық есептілік механизмдері жеткілікті күшейтілмесе, бұл адам құқықтарының бұзылуына қатысты жаңа дауларға әкелуі мүмкін деп ескертеді.
Еурокомиссия Frontex жөніндегі жаңа регламентті қазан айының соңында таныстыруды жоспарлап отыр.
В Атырау +15