
Өзбекстан Сенаты латын графикасы негізіндегі өзбек әліпбиін өзгертуді көздейтін заңды мақұлдады.
Жаңа нұсқада қолданыстағы 26 әріп пен үш әріп тіркесінің орнына 28 әріп және бір апостроф болады.
Жаңартылған әліпбиге көшу кезінде бұрын ресімделген құжаттар өз күшін жоймайды. Қолданыстағы ережелер бойынша шығарылған ақша мен бағалы қағаздарды да пайдалана беруге болады.
Маңдайшаларды, жол көрсеткіштерін, мөрлерді және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ресми символикасын дереу ауыстырмауға рұқсат етіледі. Олар жоспарлы ауыстыруға немесе белгіленген пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін қолданыла алады.
Сенаторлардың пікірінше, бұл реформа өзбек орфографиясының ережелерін жеңілдетуге, мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейтуге және оны цифрлық технологияларда пайдалануды жеңілдетуге тиіс.
Өзбекстан кириллицадан латын әліпбиіне көшуді ресми түрде 1993 жылы бастаған болатын, алайда бұл процесс бірнеше рет қайта қаралып, осы уақытқа дейін толық аяқталған жоқ. Іс жүзінде елде қос жазу жүйесі де қолданылып келеді.
Сенат мақұлдағаннан кейін құжат қалған заңнамалық процедуралардан өтуі тиіс.
В Атырау +20.8