Атырау, 7 қыркүйек 20:07
 дождьВ Атырау +28.2
$ 456.56
€ 530.52
₽ 5.28

​Иіс бар, мөлшерден аспауы да мүмкін: СЭҚ Атырау тұрғындарының немен тыныстап жатқанын түсіндірді

49 рет қаралды

Атыраулықтардың қолқаны қабатын иіске байланысты бірнеше күнге созылған шағымдарынан кейін санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары қала ауасынан көбінесе не табылатынын және оның денсаулыққа қандай қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып берді.

Айгүл Ысқақованың сөзінше, жыл басынан бері мамандар 7 мыңнан астам зерттеу жүргізген. Соның бірінші жартыжылдығының қорытындысында нормадан асудың 59 дерегі анықталған. Әсіресе әртүрлі ингредиенттер, соның ішінде көмірсутек көбірек анықталады. Одан кейін күкіртсутегі  және азот диоксиді тіркеледі.

Жыл басынан бері ай сайынғы және тоқсан сайынғы мониторинг барысында жыл басынан бері 69 заңбұзушылық анықталған. 

- Ауаға тарайтын кез келген химиялық зат тыныс алу жолдарына әсер етеді. Бұл бронх демікпесі (астма), жедел және созылмалы бронхит сияқты ауруларға алып келуі мүмкін, дейді Айгүл Ысқақова. 

Оның айтуынша, Атырау төңірегінде ауаны ластау көздері аз емес.

– Біздің Атырау қаласының айналасында – оңтүстігінде, солтүстігінде, батысында, шығысында өндірістік нысандар орналасқан. Коммуналдық нысандар бар. Қаланың екі жағында кәріз суын жинайтын фильтрация жүйесі бар. Кәріз су сорғы станциясы бар. Көлік бар, қанша екенін білесіздер. Олардың бәрі де ластаушы заттар шығарады. Олар зерттеулер кезінде анықталып отыр, – дейді Айгүл Ысқақова.

Оның айтуынша, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет екі негізгі функцияны атқарады. Оның бірі – СЭС құзырындағы мониторинг жүргізу болса, екіншісі – оның адам денсаулығына әсерін бағалау.

Бұл мониторингтің қорытындысы бойынша ластаушы көзді анықтау олардың құзырына жатпайтынын, ал тиісті шаралар қабылдануы үшін анықталған деректер Экология департаментіне жолданатынын айтты.

Искакова аспаптар шекті мөлшерден асуды тіркемеген күннің өзінде күкіртсутегі иісі неліктен сезілуі мүмкін екенін бөлек түсіндіріп берді.

– Күкірт иісі – шіріген жұмыртқаның иісі сияқты сезіледі. «Міне, қатты шығып жатыр, улап жатыр» дейді. Ал құрылғы оны анықтай алмайды. Себебі оның концентрациясы кішкентай ғана. Кішкентай болса да, адамның мұрнына жақсы сезіледі. Шектен асып кету үшін үшін өте көп көлемде болуы керек. Құрылғылар күкіртсутегінің бар екенін тіркейді, бірақ нормадан аспауы мүмкін, – дейді ол.

Нақтылап сұрағанымызда, ауаны ластап тұрған негізгі ингредиенттер – көмірсутек, күкіртсутек, азот диоксиді екенін айтты. Сонымен қатар соңғы жылдары, әсіресе соңғы төрт жылда, ұсақ дисперсті шаң, яғни ұсақ шаң көбейген.

– Бұрын да біз ұсақ шаңды анықтайтынбыз. Гигиеналық нормативке сәйкестігін анықтап жүрміз. Бірақ соңғы уақытта ұсақ дисперсті шаңды өте көп анықтап отырмыз. Шаңды дауылды күндер соңғы жылдары көбейіп келеді. Ол енді экологияның өзгеруіне байланысты, теңіздің орны кетіп, оның тұздануына байланысты және тұзды шаңдардың көтерілуіне байланысты, – дейді Ысқақова.

Ұсақ шаңдарды Ұлттық сараптама орталығы өз құралдарымен анықтайды.

Қала тұрғындарының соңғы кездегі шағымдары аясында Экология департаменті де өлшеу жұмыстарын жүргізді. 7 қыркүйекте ведомство басшысы Асқар Жүсіпов мамандардың зерттеу нәтижесі мен жел бағытын ескеріп жатқанын хабарлады. АМӨЗ ластанудың ықтимал көздерінің бірі ретінде қарастырылып отыр. Департамент кәсіпорынды кешенді жоспардан тыс тексеру үшін құжаттар дайындап жатыр.

Ал АМӨЗ өкілдері қалада тіркелген шектен асу жағдайларының зауытпен байланысы әлі дәлелденбегенін айтады. Кәсіпорынның Экология және еңбекті қорғау департаментінің директоры Арман Димукашев соңғы күндері зауыт зертханалары жүзден астам өлшеу жүргізгенін және ешқандай ауытқу анықтамағанын хабарлады. Зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Осылайша, санитариялық дәрігерлер ластанудың құрамын көріп отыр және оның денсаулыққа зиянын атап өтуде. Ал кейінгі күндері атыраулықтар тыныстап, сезініп отырған жағымсыз иістің дәл қайдан келіп жатқаны әлі анықталуы тиіс.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 18:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.