
Adidas компаниясы бұрынғы израильдік әскери қызметкер Шалев Битонды жарнамалық кампанияға қатыстырғаннан кейін бойкотқа шақыруларға тап болды, деп хабарлайды АА.
Кампания Single Shoe Service («Бір аяқкиім қызметі») жобасын таныстыруға арналған. Бұл қызмет бір аяқкиімге мұқтаж адамдарға жұп емес, бір дана аяқкиім сатып алуға мүмкіндік береді.
Битон 2021 жылғы мамырда Газа маңындағы қақтығыстар кезінде жараланып, сол аяғынан айырылған.
Құқық қорғаушылар мен әлеуметтік желі қолданушылары Израильдің Газа секторындағы әрекеттеріне назар аударып, Adidas-ты бойкоттауға шақыруда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) дерегіне сәйкес, 2023 жылғы қазаннан бері Газа секторында 5 мыңнан астам ампутация жасалған.
ДДҰ 2026 жылғы мамырда жариялаған мәліметке сай, 2023 жылғы қазаннан бері 5 мыңнан астам жарақаттанған адамның қол-аяғы кесілген, 22 мыңнан астамы ауыр жарақат алған. UNICEF-тің соңғы есебінде 2026 жылғы 3 ақпанға дейін 11 мыңнан астам бала өмір бойы мүгедек болып қалғаны көрсетілген.
CNN 2024 жылғы қаңтарда Save the Children және UNICEF деректеріне сүйеніп, 2023 жылғы 7 қазаннан бастап Газа секторында күн сайын орта есеппен 10 бала бір немесе екі аяғынан айырылғанын хабарлады. 2023 жылғы желтоқсанға қарай мұндай балалардың саны шамамен 1 мыңға жеткен.
ДДҰ 2024 жылғы қыркүйек пен 2026 жылғы мамыр аралығында 2277 ампутантты тексеріп, олардың 502-сіне протез берілгенін мәлімдеді. Ұйым Газа секторында оңалту қызметтері мен қосымша құралдардың жетіспейтінін атап өтті. Қазіргі уақытта 42 мыңнан астам адам ұзақ мерзімді оңалтуды қажет етеді.
Сыншылардың айтуынша, палестиналық мүгедектерге жеткілікті назар аударылмайды. Негізгі сын Single Shoe Service жобасына емес, Adidas-тың кампанияға қатысушыны таңдауына және саяси жағдайға бағытталған.
Adidas-тың Битонды амбассадор ретінде таңдауы әлеуметтік желілерде кең талқыланды. Испан актері Хавьер Бардем өз парақшасында Adidas-ты бойкоттауға шақырды.
Компания Single Shoe Service жобасын Еуропада 2026 жылғы 19 қаңтарда іске қосып, наурызда ресми жариялады. Қызмет Adidas-тың 23 елдегі дүкендерінде қолжетімді.
Adidas-қа қатысты сын екі жыл бұрын да өршіген еді. 2024 жылғы шілдеде компания палестиналық тегі бар америкалық модель Белла Хадидті Олимпиада-72 ретро-кампаниясынан алып тастаған. Израиль оның қатысуына қарсы шыққан болатын.
Хадид палестиналықтардың құқықтарын қолдап жүргенін ашық айтқан. Кейін ол заңгерлерге жүгінді. Adidas кейін кешірім сұрағанымен, шешімін өзгертпеді. Бұл әлеуметтік желілерде бойкотқа шақыруға себеп болды.
Палестиналық белсенді, Стамбулдағы Зейма университетінің Ислам және жаһандық зерттеулер орталығының директоры Сами әл-Ариан: «Adidas танымал адамдарды палестиналық күресті қолдағаны үшін жазалады. Бойкот компанияға сабақ болуы мүмкін. Олар пайданы принциптен жоғары қойды», – деді.
Британдық саясаттанушы Сами Хамди: «Adidas McDonald's, Starbucks, KFC сияқты бойкотқа ұшыраған брендтердің жолын қайталай алады. Көптеген елдерде мұндай компаниялар филиалдарын жабуға мәжбүр болды. Adidas-қа да осындай бойкот жасалуы мүмкін», – деп мәлімдеді.
В Атырау +25.2