
Атырауда 51 жастағы Дабыл Өтегеновтің өліміне қатысты іс сотта қаралып жатыр. Ол кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстары үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Енді оның өліміне байланысты бес сотталушы жауап беруде.
Істі судья Зарема Хамидуллина жүргізуде. Ол үш жыл бұрын Өтегеновке 25 жылдық жаза тағайындаған болатын.
Оқиға 2026 жылғы 22 наурызда №15 мекемеде болған. Қала тұрғындары оны әлі күнге «66-шы колония» деп атайды. Айыптау дерегіне сәйкес, жанжал кір жуғыш машинаны жөндеу мәселесінен басталып, кейін қақтығысқа ұласқан.
Тергеу болжамынша, отрядта бейресми беделі бар сотталушы Өтегеновпен есеп айырысуға шешім қабылдап, тағы төртеуін тартқан. Олардың рөлдері алдын ала бөлінген: бірі Өтегеновті әкелген, екіншісі бейнебақылау камерасын жапқан, қалғандары заттарды дайындап, қызметкерлердің келуін бақылаған.
Өтегеновті бөлек бөлмеге кіргізгеннен кейін камераны қара шапкамен жауып тастаған.
Одан кейін, айыптау дерегіне сәйкес, Өтегеновті ұрып-соғу басталған. Оның денесінің әртүрлі жеріне пластикалық құбыр, ағаш зат және бұрағышпен көптеген соққы жасалған. Сондай-ақ бір сотталушыға сол иық тұсына өткір затпен екі жара салды деген айып тағылған.
Оқиға бейнебақылау операторы жабық камераны байқағап, бұл туралы кезекшіге хабарлағаннан кейін белгілі болды. Қызметкерлер келгенде камера ашылып, Өтегенов жерде жатқан.
Кейін оны қол жуатын бөлмеге апарған. Ол өзін жайсыз сезінгенін айтқанымен, бастапқыда медициналық көмектен бас тартқан. Біраз уақыттан соң ес-түссіз күйде табылып, жедел жәрдем шақырылған.
Дәрігерлер оның қайтыс болғанын растады.
Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған жарақаттар өлуіне тікелей себеп болған.
Тергеу барысында айыпталушылардың жауаптары әртүрлі болды. Бірі Өтегеновті қолымен және ағаш затпен ұрғанын мойындап, өткір зат қолданбағанын айтқан. Екіншісі камераны жапқанын растады. Тағы бірі тергеу дерегіне сай, жазбада бұрағыш пен ағаш таяқ ұстағанын мойындаған.
Қорғаушылар кейбір айыпталушыларға тағылған айыппен келіспей, істі қайта саралауды немесе тоқтатуды сұрады.
Үш сотталушыға алдын ала сөз байласып, топпен кісі өлтіру айыбы (ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 7-тармақ), тағы екеуіне — осы қылмысқа көмектесті деген айып (ҚР ҚК 28-бабы 5-бөлігі және 99-бабы 2-бөлігі 7-тармақ) тағылған. Енді сот әрқайсысының рөлін анықтап, 22 наурыздағы оқиғаға түпкілікті құқықтық баға береді.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +25.2