Атырау, 3 қыркүйек 20:13
 дождьВ Атырау +29.2
$ 455.40
€ 526.99
₽ 5.25

Атырау облысында жыл соңына дейін 28 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр

104 рет қаралды

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев бастаған делегациямен кездесті. 

Жиында өңірдегі іскерлік ахуалды жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және инвестициялық белсенділікті арттыру мәселелері қаралды.

Әкім кәсіпкерлермен тікелей диалогтың маңызын атап өтіп, бұл жүйелі кедергілерді дер кезінде анықтап, нақты шешім қабылдауға мүмкіндік беретінін айтты. Қазіргі таңда облыста 57,5 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 890,7 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін жалпы құны 735,5 млрд теңге болатын 28 жоба іске асырылмақ. Ал жалпы пулда 108 инвестициялық жоба бар, олардың құны 8,5 трлн теңгеден асады және 12 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.

Болат Ақшолақов ірі жобалармен қатар шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты. Жергілікті кәсіпкерлердің өндірісті кеңейтуіне, жаңа жұмыс орындарын ашуына және ірі жобаларға қатысуына жағдай жасалуы тиіс екенін атап өтті.

Өңірде 450 гектарлық “Атырау” арнайы экономикалық аймағы мен 22 гектарлық шағын өнеркәсіптік аймақ құрылған. Әкім мұнай-химия, машина жасау, құрылыс материалдары өндірісі, энергетика және агроөнеркәсіп кешенін әртараптандырудың перспективалы бағыттары ретінде атады.

Кездесуде аймақтың инвестициялық әлеуетін таныстыру үшін кәсіпкерлер форумын өткізу ұсынылды. Қорытындысында тараптар бизнестегі жүйелі мәселелерді шешу, жаңа инвестициялар тарту және өңірдің орнықты дамуына қолайлы жағдай жасау бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

Бүгін, 18:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.