
Атырау әкімдігі Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайының реставрациясына қатысты нақты қандай мамандар жұмыс істеп жатқанын да білмейді.
Еске салсақ, құны шамамен бір миллиард теңге болатын жөндеу жұмыстары өткен жылдың маусымында басталған. Ресми дерек бойынша, ғимарат сәулет және қала құрылысы ескерткіші саналады, сондықтан тарихи құндылығын сақтап, бастапқы келбетін бұрмаламайтын ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілуі тиіс еді. Алайда бұл жұмыстардың сапасына күмән көп. Әкімдік қоғам өкілдерін түрлі себеппен нысанға кіргізбей, жауапты адамдарға сұрақ қоюға мүмкіндік бермей келген.
Жаңартылған мәдениет сарайын көктемде ашу жоспарланған еді, бірақ мерзім орындалмады. Бұған ғылыми-жобалық құжаттамадағы қателіктер (әзірлеуші – «Қазқайтажаңарту» РМК) және реставрациялық жұмыстардың түрлеріне енгізілген түзетулер себеп болды.
Әкімдік кейбір жұмыстардың жобалық құжатқа қайшы жүргізілгенін, сметада қарастырылған материалдардың орнына арзан құрылыс заттары қолданылғанын растағаннан кейін прокуратура тексеріс жүргізді. Алайда ол тексеріс реставрацияның сапасы мен жобамен сәйкестігін емес, тек орындалған жұмыстар актілерінің рәсімделуін қамтыды. Нәтижесінде қадағалау органы ешқандай заң бұзушылық анықтамады.
«Ақ Жайық» редакциясы жақында Атырау әкімдігінен жобаның барысы туралы ресми түрде сұраған еді.
Асығыс дайындалған жауапта мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мәдениет сарайында қазір нақты қандай жұмыстар атқарылып жатқанын көрсетпеген: мысалы, төбені сырлап жатыр ма, әлде сәндік өрнекті қалпына келтіріп жатыр ма – белгісіз. Әкімдік тіпті реставрация саласында дипломы бар, сертификатталған мамандардың тартылған‑тартылмағанын да білмейді.
Белгілісі – бүгінгі күнге дейін жұмыстың 80%-ы орындалған, смета шегінен шықпаған, жоба қымбаттамаған. Бірақ аяқталу мерзімі әлі анықталмаған.
Тапсырыс беруші – «Құрманғазы атындағы МС» МКҚК мердігерлер «AGM Service» және «Жалынды құрылыс» компанияларын сотқа берген. Талап арызда оларды мемлекеттік сатып алуларға жосықсыз қатысушылар деп тану және айыппұл өндіріп алу көзделген еді.
Алайда Атырау облыстық экономикалық соты редакцияға берген мәліметінде, бұл арыздар қараусыз қалдырылғанын хабарлады. Себебі тапсырыс беруші тарап дауды сотқа дейінгі тәртіппен шешу мүмкіндігін пайдаланбаған.
Әкімдік қосымша хабарлағандай, «AGM Service» ЖШС-на мерзімді кешіктіргені үшін айыппұл салынған, ал «Жалынды Құрылыс» компаниясына сотқа дейінгі талап жолданып, жаңа айыппұл өндіру туралы талап арыз дайындалып жатыр.
Жалпы жағдай ерекше алаңдаушылық тудырады, себебі бұл қарапайым жөндеу емес, сәулет ескерткішін сақтау мәселесі болып отыр. Мұндай нысан үшін жұмыстың ашықтығы, мамандардың біліктілігі және реставрация талаптарының сақталуы басты шарт болуы тиіс. Жұртшылыққа әзірге тек жауап күту мен мәдениет сарайының ашылуын тағатсыздана күту ғана қалып отыр.
Лев ГУЗИКОВ
«АЖ» мұрағатынан алынған сурет
В Атырау +29.2