
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен өткен жиында қаладағы кәріз желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.
Соңғы уақытта бірнеше тұрғын үй кешенінен апатты жағдайларға байланысты шағым түскен.
«Samal Town» және «Abyroy Residence» кешендеріндегі проблемаларға байланысты жол картасы әзірленіп, апатты жою шаралары қолға алынуда. «K7 Group» компаниясының өкілі Мөлдір Мырзагелді жабдықтардың жаңартылғанын, бірақ тұрмыстық қалдықтар кесірінен құбырлардың жиі бітелетінін атап өтті.
2020–2022 жылдары пайдалануға берілген кешендер құжаттарының болмауына байланысты ұзақ уақыт бойы қаланың балансына өтпеген. Қазір рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр, нысандардың жартысынан астамы қалаға беруге дайын. Құжаттар «E-Qazyna.kz» порталы арқылы рәсімделіп, кейін «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-на тапсырылады.
Кәсіпорын басшысы Мейірім Калауи қаладағы 24 тұрғын үй кешенінде осындай мәселе бар екенін, олардың 19-ының құжаттары әлі дайын емесін айтты. Әкім қазан айының соңына дейін барлық құжаттарды рәсімдеуді тапсырды.
Қазіргі таңда Атыраудың тек 20 пайызы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Мирас, Жұлдыз шағынаудандары мен жеке секторды қамту үшін пилоттық жобалар іске қосылуда. Әлеуметтік бағыттағы тариф сақталып отыр: ауыз су – 99 теңге, кәріз қызметі – 59 теңге (1 текше метрге).
Жиын қорытындысында облыс әкімі қажетті сорғыларды орнату, барлық тұрғын үй кешенінің құжаттарын коммуналдық кәсіпорын балансына өткізу және қазанның басына дейін кәріз жүйесін дамыту мен сумен жабдықтау саласын жаңғырту жөнінде кешенді тұжырымдама әзірлеуді тапсырды.
В Атырау +26.8