
Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов China National Offshore Oil Corporation (CNOOC) Директорлар кеңесінің басшысы Чуаньцзян Чжанмен кездесті.
Екіжақты жиында Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінің транзит аймағында орналасқан «Жылыой» бірлескен геологиялық барлау жобасының іске асу барысы мен мұнай сервисі саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Жоба тепе-тең талаптармен жүзеге асырылып жатыр және барлау кезеңін толықтай қытайлық тарап қаржыландыруда.
Қазіргі уақытта жоба аясында «Жылыой Оперейтинг» ЖШС операторлық компаниясы құрылып, 400 бойлық шақырымның 2D тарихи сейсмикалық деректерін қайта өңдеу мен интерпретациялау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 400 шаршы километр көлемінде 3D далалық сейсмикалық барлауды бастау дайындығы аяқталуға жақын. Алынған деректер негізінде бірінші іздеу ұңғымасын бұрғылайтын орын айқындалады.
Бұдан бөлек, екі тарап еншілес ұйымдар — «KMG Drilling & Services» мен «China Oilfield Services Limited» (COSL) арқылы ұңғымаларды бұрғылау, сервис көрсету, жаңа технологияларды енгізу және кадрлар даярлау бағытындағы әріптестікті кеңейтуді келісті.
В Атырау +28.2