Атырау, 2 қыркүйек 18:08
 дождьВ Атырау +28.3
$ 458.45
€ 531.39
₽ 5.29

​Атырауда мектеп оқушыларының ата-анасы сабақ 35 минут өтетініне шағымданды

82 рет қаралды
Сурет: 2gis
Сурет: 2gis

Балықшы ықшамауданындағы Мақаш Бекмұхамбетов атындағы орта мектеп оқушыларының ата-анасы кабинет тапшылығынан балалардың бір бөлігі қысқартылған кестемен оқып жатқанын, ал бұл жағдайдың бірнеше жылдан бері өзгермей келе жатқанын хабарлады.

Редакцияға хабарласқан аналардың бірі баласының алтыншы сыныпқа өткенін айтты. Оның сөзінше, сынып кестесінде төртінші ауысым көрсетілген, ал сабақтың ұзақтығы 35 минутты құрайды.

«Қателеспесем, бұл жағдайдың созылып келе жатқанына төрт жылға жуықтады. Ғимаратта Ломоносов атындағы мектептің де оқушылары оқиды. Қазір алтыншы сыныпқа барған баламды төртінші ауысымға жазыпты. Сабақтар 35 минуттан болады дейді. Бала 35 минут ішінде қалай толыққанды білім алмақ? Мұғалім бұл уақытта үй тапсырмасын тексере ме, әлде жаңа тақырыпты түсіндіре ме? Бұл жағдай қашан аяқталады?» — деп сұрайды ата-ана.

Оның айтуынша, әсіресе мектептен алыс тұратын және сабаққа қоғамдық көлікпен қатынайтын балаларға өте қиын.

М.Бекмұхамбетов атындағы мектеп әкімшілігі төрт ауысымды оқыту туралы пікірмен келіспеді. Онда оқу процесі үш ауысымда ұйымдастырылғанын хабарлады.

Мектептегі бұл жағдайдың негізгі себебі ретінде кабинеттердің жетіспеушілігі атап өтіледі. Ғимаратта уақытша басқа білім беру ұйымының оқушылары да білім алып жатыр, сол себепті сабақ кестесін балалар саны мен қолда бар бөлмелерді ескере отырып жасауға тура келеді.

Сондай-ақ мектеп өкілдері 35 минуттық сабақтарға қатысты да ақпарат берді.

«Сабақ барысында педагог тек үй тапсырмасын тексерумен шектелмейді. Жаңа тақырып түсіндіріліп, материалды бекіту жүргізіледі және оқу бағдарламасын меңгеруге қажетті тапсырмалар орындалады. Педагогтер бағдарламаның толық орындалуын қамтамасыз етеді», — делінген әкімшілік жауабында.

Мектепте бұл режимнің уақытша екені және оқушылардың білім сапасы бақылауда тұрғаны атап өтілді.

Бұл ретте берілген жауапта мектептің бұл режимде қашанға дейін жұмыс істейтіні және оқу бөлмелерінің тапшылығы мәселесі қашан шешілетіні нақтыланбаған.

Айгүл МАНСҰРОВА

Бүгін, 16:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.