Атырау, 2 қыркүйек 17:03
 дождьВ Атырау +28.3
$ 458.45
€ 531.39
₽ 5.29

​Ақшолақов Атыраудағы медициналық нысандар құрылысын тексерді

Сурет
73 рет қаралды

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов денсаулық сақтау саласындағы бірқатар ірі жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Оның қатарында жаңадан салынатын 180 орындық облыстық онкология диспансері, радиология корпусы, Авангард ықшамауданындағы емхана және психикалық денсаулық орталығының жаңа ғимараты бар.

Атырауда Авангард-3 ықшамауданында орналасқан қолданыстағы облыстық онкологиялық диспансер ғимаратын бұзып, оның орнына 180 төсектік жаңа медициналық кешен салу жоспарлануда. Жұмыстар 2026 жылдың 1 желтоқсанында басталып, нысанды 2028 жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.

Жоба мердігердің жобалау, құрылыс және нысанды тапсыру жауапкершілігін қарастыратын EPC-келісімшарты бойынша жүзеге асырылады. Жұмыстарды «KAZPACO» ЖШС орындайды. Ескі ғимаратты сүру жұмыстарын екі ай ішінде аяқтау жоспарланған.

Құрылыс жүріп жатқан кезеңде онкодиспансер бөлімшелері Сарықамыс ықшамауданындағы Фтизиопульмонология орталығының бос ғимаратына орналастырылады.

Жаңа кешен төрт блоктан тұрады. Алты қабатты корпуста қабылдау және паллиативтік бөлімшелер, химиотерапия, радиология, хирургия, жансақтау және қарқынды терапия бөлімдері орналасады.


Облыс әкімі Болат Ақшолақов жобалау кезінде заманауи еуропалық стандарттарға сүйенуді және науқастар үшін жайлы психологиялық орта қалыптастыруды тапсырды.

Сонымен қатар Атырауда 180 пациентке арналған радиологиялық корпустың құрылысы жалғасуда. Нысанның дайындығы 70%-ға бағаланып отыр. Оны 2027 жылдың басында пайдалануға беру жоспарланған.

Авангард ықшамауданында ауданы бес мың шаршы метрге жуық, ауысымына 250 адамды қабылдай алатын емхана салу көзделуде. Құрылыс жұмыстары 2027 жылдың қаңтарында басталып, сегіз айға созылуы тиіс. Жаңа нысан 60 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсететін №1 емханаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Тағы бір жоба — Алмалы ауылында 250 төсектік Психикалық денсаулық орталығын салу. Мекеменің қазіргі ғимараты апатты деп танылған. Жобаны қыркүйек айында мемлекеттік сараптамаға жіберу жоспарланып отыр, ал қорытындысы желтоқсанда күтілуде.

Бұдан бөлек, билік өкілдері Атырау жоғары медициналық колледжінің жаңа ғимаратын салу мәселесін қарастырып жатыр. Қазіргі уақытта онда үш мыңға жуық студент білім алуда, алайда қолданыстағы ғимарат ауданы жеткіліксіз, сондай-ақ толыққанды спорт және акт залдары жоқ.

Бүгін, 15:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.