
Ресейлік Ozon маркетплейсі сатушыларға тауарларын Алматы мен Астанадағы логистикалық орталықтарға жеткізуді ұсынды. Компания бұл бағытты «қауіпсіз әрі болашағы бар» деп атады.
Ozon мәліметінше, өнімдерді Қазақстандағы фулфилмент-орталықтарға орналастыру арқылы Ресейге тапсырыстарды іркіліссіз жөнелтуге және Қазақстан мен Қырғызстандағы сатылымды жедел жеткізу есебінен арттыруға болады. Қыркүйек айының соңына дейін маркетплейс сатушылардың жеткізілімдерін екі қалаға тегін тасымалдауға уәде берді.
Қазақстандағы қоймаларға орналастырудың негізгі артықшылықтары:
Ресейге бірнеше күн ішінде жеткізу мүмкіндігі;
Сақтауға шектеу қойылмайды, ірі көлемді тауарларды да қабылдайды;
Қосымша құжат рәсімдеудің қажеті жоқ.
Бұл ұсыныс Ресейдегі қойма инфрақұрылымына дрон шабуылдары жиілеген тұста жасалды. Бұған дейін Белгородтағы Ozon хабы мен Wildberries нысандары зардап шеккен болатын.
Сондай-ақ бұған дейін Wildberries компаниясы да Қазақстанда қосымша қойма іздеп жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда ресми өкілдері негізгі қуаттарды көшіруді жоққа шығарып, Қазақстандағы кеңеюді жоспарлы даму аясында жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
В Атырау +28.3