
Атырау облысында барлығы 2400 оқушыға есептелген жаңа үш «Келешек мектебі» білім күні пайдалануға берілді.
600 орындық екі мектеп Құрманғазы ауданының Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында, ал 1200 орындық білім ошағы Жылыой ауданының Құлсары қаласында орналасқан. Құрманғазы мен Ақкөл ауылдарындағы мектептердің құрылысы 2023 жылы «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында басталған. Бүгінде қос нысан да толық аяқталып, жаңа оқу жылында оқушыларға есігін ашты. Мердігер – «Каспий Құрылыс ЛТД» ЖШС.
Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиевтің айтуынша, Құрманғазы және Ақкөл ауылдарындағы бұрынғы мектептерде оқушы саны жобалық қуатынан әлдеқайда асып кеткен. Жаңа мектептердің іске қосылуы орын тапшылығын азайтып қана қоймай, балалардың заманауи, қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына мүмкіндік береді.
Бір ауысымда 1200 оқушыны қабылдауға арналған тағы бір мектеп Құлсарыда ашылды. Білім ордасында STEM және робототехника кабинеттері, IT-сыныптар, шығармашылық шеберханалар, спорт залдары жұмыс істейді. Сонымен қатар мұнда инклюзивті білім беруге және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті жағдай жасалған.
Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов жаңа мектептің іске қосылуы Құлсарыдағы білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кетейік, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Атырау облысында 9 мектеп салу жоспарланған. Қазір олардың барлығы пайдалануға берілді. Оның алтауы Атырау қаласында, үшеуі Құрманғазы және Жылыой аудандарында орналасқан.
Бұдан бөлек, өңірде тағы 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Биыл оқу жылы басталғанға дейін облыста 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Биыл Атырау облысындағы мектептерде 155 мыңнан астам оқушы білім алуға кірісті. Оның 15 мыңға жуығы – бірінші сынып оқушылары.
В Атырау +27.5