
2026 жылдың тамыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанда жылдық инфляция 9,8%-ды құрады.
Шілдеде бұл көрсеткіш 10,2% деңгейінде болған еді, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Бір ай ішінде баға орта есеппен 0,6%-ға өсті — бұл шілдедегі көрсеткішпен бірдей.
Жылдық өсім бойынша азық-түлік тауарлары 9,5%-ға, азық-түлік емес тауарлар 11,4%-ға, ал ақылы қызметтер 8,9%-ға қымбаттады.
Жыл ішінде бағасы ең айтарлықтай өскен тауарлар мен қызметтер:
- Тарату желілері арқылы тасымалданатын газ — 20%-ға;
- Тұрғын үйді жалға алу — 17,1%-ға;
- Шұжық және ет өнімдері — 14,3%-ға;
- Жеке пайдаланылатын тауарлар — 13,1%-ға;
- Қышқыл сүт өнімдері — 13%-ға;
- Ет және құс еті — 12,9%-ға;
- Бензин — 12,8%-ға;
- Алкогольсіз сусындар — 12,4%-ға.
Сонымен қатар, жыл ішінде көкөніс бағасы 2,5%-ға, жеміс-жидек пен жаңғақтар 0,7%-ға арзандады. Суық судың орташа құны 40,9%-ға төмендеді.
Жылдық инфляцияға негізгі үлесті тамақ өнімдері мен алкогольсіз сусындар қосты — 3,6 пайыздық тармақ.
Тамыз айында ақылы қызметтер 1,2%-ға, азық-түлік емес тауарлар 0,8%-ға қымбаттады. Ал азық-түлік өнімдерінің бағасы бір айда 0,1%-ға төмендеді.
Ең жоғары жылдық инфляция Солтүстік Қазақстан облысында (12%), Жетісу облысында (11,7%) және Ақмола облысында (11,6%) тіркелді. Ең төменгі көрсеткіш Қарағанды облысында байқалды, онда баға 8,1%-ға өскен.
Атырау облысында жылдық инфляция 10,2%-ды құрап, Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен жоғары болды.
В Атырау +26.7