
Қазақстан Ішкі істер министрлігі бір жылдан астам уақытқа созылған ауқымды арнайы операция нәтижесінде адамдарды есірткі бизнесіне тартумен айналысқан халықаралық арнаны тоқтатты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Операция Украина және Албания құқық қорғау органдарымен, Қазақстан мен Украинаның бас прокуратураларымен, Интерпол және АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасымен бірлесіп жүргізілді.
Қылмыстық топ заңды жұмысқа орналастыруды желеу етіп, адамдарды call-орталық операторлары, HR-менеджерлер, химиктер, курьерлер және қойма қызметкерлері ретінде тартқан. Шын мәнінде оларды есірткі бизнесіне араластырған.
Тінту барысында мыңдаған цифрлық айғақтар тәркіленіп, Telegram желісіндегі 31 есірткі дүкені анықталды. Қазақстан аумағында да желі мүшелеріне қатысты тексерулер жүргізілді. Киев қаласы мен облысында 70 тінту жасалып, қылмыстық қоғамдастықтың 27 белсенді мүшесі ұсталды.
Операцияның қорытынды кезеңінде Украинаның бес облысында тағы 35 тінту жүргізіліп, синтетикалық есірткі қоспалары, қолдан жасалған шылымдар мен дайын пакеттер тәркіленді. Жеті адам ұсталып, тоғыз адамға айып тағылды.
ҚР ІІМ өкілі Қуандық Әлжанов: «Бұл сандардың артында таралмаған мыңдаған есірткі дозасы тұр. Бұл адамдардың денсаулығын сақтап қалу және азаматтарды қылмыстық бизнеске тартылудан қорғау деген сөз», – деді.
Министрлік азаматтарды интернеттегі «оңай табыс» туралы ұсыныстарға сенбеуге шақырады, себебі олардың артында халықаралық есірткі желісі тұруы мүмкін.
В Атырау +26.7