Атырау, 1 қыркүйек 15:51
 дождьВ Атырау +26.7
$ 462.31
€ 536.09
₽ 5.34

​Күріш қауызынан энергия: қазақстандық әзірлеме сынағы таңғаларлық нәтиже көрсетті

83 рет қаралды

Satbayev University зерттеушілері энергия жинақтағыштарға арналған жаңа наноматериалдар жасап, оларды гибридті суперконденсатор прототипінде сынақтан өткізді. 

Құрылғы 750 мыңнан астам зарядтау мен разрядтау цикліне төтеп беріп, тұрақты жұмыс істеген.

Жоба «Материалтану және электрохимиялық инженерия» зертханасында жүзеге асырылып жатыр. Ғалымдар күріш қауызы мен қызылша сығындысынан көміртекті материалдар жасап, олардың беткі ауданы 3000 м²/г-ға дейін жеткен. Бұл көрсеткіш заряд жинақтау мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Сонымен қатар, графен оксиді негізінде алынған композиттердің сыйымдылығы дәстүрлі көмірден жоғары екені дәлелденді.

Сынақ барысында pouch-cell форматындағы суперконденсатор 1 кВт/кг қуат кезінде 51 Вт·сағ/кг энергия жинақтап, ұзақ мерзімді тұрақтылық көрсетті.

Жоба жетекшісі, PhD Жазира Супиева: «Алынған нәтижелер энергия жинақтағыштардың тиімділігін арттыруға жол ашады. Қазір біз үшін материалдарды практикалық жағдайларда сынау маңызды», – деді.

Зерттеулер барысында аса жылдам Джоульдік қыздыру жүйесі қолданылып, графен мен қорытпалар алынды. Алынған материалдар суперконденсаторлардан бөлек, аккумуляторлық жүйелерде, электр көліктерінде, күн және жел энергетикасында, сондай-ақ тот баспайтын болатқа арналған қорғаныш жабындарда пайдаланылуы мүмкін.

Жобаға магистранттар мен докторанттар қатысып, Аустрия және Польшадағы серіктестермен бірлесіп жұмыс істелуде. Келесі кезеңде сынақтар ауқымы кеңейіп, әзірлемелерді практикаға енгізу жоспарланып отыр.

Бүгін, 14:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.