Атырау, 1 қыркүйек 14:01
 дождьВ Атырау +24.4
$ 462.31
€ 536.09
₽ 5.34

​Есболдағы мектеп: жаңа ғимарат тұрғызылды, бірақ оқушылар апатты мектепте оқитын болады

90 рет қаралды

Индер ауданы Есбол ауылындағы Қ. Есқалиев атындағы мектеп оқушылары биылғы оқу жылын жаңа мектепте емес, 1936 жылы салынған мектепте қарсылайтын болды. 

«Балаларымыз биылғы оқу жылын апатты емес, жаңа мектепте қарсылайды деп қуанып жүргенбіз. Өйткені біз бұл мектепті қанша жыл күттік десейші. Бірақ неге екені белгісіз сол ескі орында оқитын болып шешіліпті. Неге бұлай болып жатыр, әбден сабақ басталарда бұл не әбігер?» дейді мазасызданған ата-аналар «АЖ» редакциясына хабарласып. 

Есбол ауылындағы миллиардтаған қаржы бөлінген 320 орындық мектеп құрылысы 2021 жылы басталып, биыл аяқталған еді. Ұзаққа созылған құрылыс жөнінде «АЖ» бірнеше сын мақала жарияланған болатын. 

Қ. Есқалиев атындағы орта мектептің директоры Руслан Қанатов «АЖ»-ға берген мәліметінде, жоғары жақтың тапсырмасымен 25 тамызда жаңа мектепке көшкенін жасырмады. Алайда әзірге оқушылар онда сабақтарын бастай алмайды.

- 320 орындық мектеп құрылысы толық аяқталғанымен облыстық құрылыс басқармасы қабылдап алған жоқ. Сол себептен бұрынғы ескі мектепте оқиды, мүмкін 1,2 айда құжаттарды рәсімдеу толық аяқталып қалса, жаңа орынға көшетін болады. Ал ескі мектептің апатты жағдайда екенін білеміз, оның спортзалы қауіптірек болғасын жауып тастағанбыз, - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашева

Алайда Дәлмұқашева директордың «25 тамызда мектеп жаңа ғимаратқа көшті» деген сөзін жоққа шығарды. Осылайша, көшу процесінің нақты қай басшылықтың тапсырмасымен басталғаны әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бүгін, 13:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.