
Жаңа оқу жылы қарсаңында Атырау қаласы маңындағы Дамбы ауылдық округінде жаңа салынған мектепке қатысты дау шықты. Құрылысы биыл бітіп, пайдалануға берілген мектепке қазір оқушы қабылдау жүріп жатыр. Бұдан бөлек, ауылда 2024 жылы күрделі жөндеуден өткен ескі мектеп бар.
480 орындық Амангелді атындағы орта мектепте 700-ден астам оқушы екі ауысыммен оқитын. Осы мектептің мұғалімдері сыныбындағы оқушылары жаңа мектепке ауысып жатқанына алаңдап, жұмыссыз қаламыз ба деп уайымдап отыр.
№54 жаңа мектеп 300 орынға есептелген. Дамбы ауылдық округі әкімі Темірлан Әубәкіров жаңа мектеп құрылысы шамамен он жылға созылғанын және бірнеше рет жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізілгенін айтты. Оның сөзінше, соңғы түзетілген жоба бойынша мектептің құрылысына бойынша 2 млрд 295 млн теңге жұмсалған.

Амангелді атындағы орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Бибінұр Арыстанғалиеваның 25 жылдық еңбек өтілі бар. Ол жаңа мектептің ашылуы құптарлық іс, бірақ неге жаңа мектеп салмас бұрын мектеп жасындағы бала мен мұғалімдер санына анализ жасалмаған деп налиды.
- Жаңадан салынған №54 орта мектеп 300 орынға арналған. Бұл – жоспарсыз салынған мектеп деп есептеймін. Ауылда мектеп жасындағы қанша бала бар, қанша мұғалім бар, оған біреу анализ жасады ма? Ауылға көшіп келіп жатқан ешкім жоқ. Жаңа үй тұрғызып жатқандар осы ауылдағы бөлек шығып жатқан отбасылар. Бір ауылға екі мектептің салынуы артық емес пе? Амангелді атындағы орта мектептің оқушылары жаңа мектепке ауысып жатыр. Менің сыныбымнан да бірнеше бала кетті. Сынып толмаса, сағатымыз азаяды. Ондай жағдайда еңбекақымыз төмен түсіп кетеді. Ал сынып толмаса, ашылмайды. Сыныбымыз болмағасын жұмыс та жоқ деген сөз, - деп қынжылады Б.Арыстанғалиева.
Ал 24 жылдық еңбек өтілі бар математика пәні мұғалімі Жұлдыз Көбейгенқызының сөзінше, биыл мамыр айында қалалық білім бөлімінен мектеп ұжымына ауылда жаңа мектеп ашылуына байланысты сағат қысқару мүмкін екендігі хабарланған.
Осы хабарламадан кейін ауыл мұғалімдері құзырлы мекемелерге оқу жүктемесінің сақталуын сұрап, өтініш жазған. Сол кезде жаңа мектепте бастауыш сынып оқушылары ғана оқытылатыны туралы жауап алған. «Ал жақында әлеуметтік желілерде жаңа мектепке 0-ден бастап 11-сыныпқа дейін оқушыларды қабылдайды деген хабарландыру тарап жатыр» деп алаңдайды Жұлдыз Көбейгенқызы.
- Балаларымыз жаңа салынған мектепке ауысуына байланысты біздің сағаттарымыз азайып, мектепте 40 пайыз мұғалім қысқартуға ұшырайын деп тұр. Ал ұжымда жалғызбасты аналар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандар бар. Жаңа мектепке мұғалімдер конкурспен қабылданады дейді. Оған мұғалім дипломы бар кез келген маман қатыса алады. Ауыл мектебінде істеп жатқан біздерге басымдық беріле ме деп сұрасақ, бәрінің құқығы бірдей дейді. Біз жаңа оқу жылына сағатымызды дайындап отырғанда мына жаңалық бізді алаңдатып қойды. Оқушыларды тең бөлсе, мұғалімдерді ешқайсысын жұмыссыз қалдырмса деген тілегіміз бар, - дейді ол.
Қалалық білім бөлімі басшысы Айнагүл Дүйсекенова ауылда бала саны бойынша анализ жасалмады деген уәжбен келіспейді. Ол «мектептер салынар уақытта баланың туылу саны мен берілген жердің көлеміне қарайды» дейді.
- Мысалы қазір неге қазір қала ішінде үш ауысымдық мектептер көбейіп кеткен? Себебі кезінде қаланың ішкі жағына мектеп салынбаған, - дейді Дүйсекенова.
Оның сөзінше, жаңа мектеп кезінде елді мекендегі мектепке түсетін жүктемені азайту үшін салынған.
- Олар [ауыл мұғалімдері-А.С.] Амангелді орта мектебін толықтай жаңа мектепке көшіру мәселесін көтеріп отыр. Олай болмайды. Себебі қазіргі уақытта оқушы саны Амангелді мектебіне қазір сыйып отырғанымен алдағы жылдары сыймайды. Себебі, алты жасқа дейінгі бала саны балабақшаларда артып келеді, - дейді қалалық білім бөлімінің басшысы.
Жазғы каникул алдында Амангелді орта мектебінің оқушылары, ата-аналары, облыс және қала әкімдігінің өкілдерімен кездесу өткізіліп, жаңа мектепке қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Кездесу барысында жаңа мектепке Амангелді орта мектебінде оқитын балалардың ата-аналары өтініш берген жағдайда қабылданатыны түсіндірілген. Сонымен қатар педагогтерді жаңа мектепке ауыстыру тәртібі де қарастырылатыны айтылған.

Дүйсекенованың сөзінше, жаңа мектепте сынып комплектілері жасақталып, сол ауылдағы мұғалімдер бірінші кезекте қабылданады. Сырттан мұғалім қабылданбайды. Яғни, Амангелді орта мектебінің мұғалімдері жұмыссыз қалмайды және қысқартуға жол берілмейді.
- Бұған дейін де қалада жаңадан ашылған жайлы мектептер бойынша осындай тәжірибе қалыптасқан. Жаңа мектептер ашылған кезде қолданыстағы мектептердің педагогтері қысқартуға ұшырамай, жаңа білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылданған, - дейді Дүйсекенова.
Білім беру бөлімінің басшысы мұғалімдерді қысқарту болмайтынын мәлімдегенімен, олардың бұрынғы оқу жүктемесі сақтала ма, жоқ па деген сұраққа бөлімде нақты жауап берілген жоқ.
Анықтама
Дамбы ауылдық округіне Амангелді және Дамбы ауылдары кіреді. Ауылдық округте 4084 адам тұрады. Оның ішінде мектеп жасындағы 859 бала бар. Ал былтыр 743 бала мектепте оқыған. Жаңа мектепте балалар бір ауысымда оқымақ.
Айнұр САПАРОВА
Амангелді атындағы мектептің фотосуреттері
В Атырау +24.4