Атырау, 31 тамыз 20:25
 дождьВ Атырау +25.4
$ 464.77
€ 541.36
₽ 5.41

Ақшолақов: Құрылысты түзеткеннен гөрі, бірден дұрыс салу тиімді

Сурет
106 рет қаралды

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің қатысуымен өткен аппараттық жиында құрылыс сапасы мен жобалау-сметалық құжаттаманың дұрыстығына ерекше тоқталды.

Ол тексеру барысында бірқатар кемшіліктер анықталғанын айтып, қателерді құрылыс кезінде түзетудің жобаны қымбаттатып, мерзімінен кешіктіруге әкелетінін ескертті. «Құрылысты түзетуге қарағанда, бірден дұрыстап салған арзанырақ», – деді өңір басшысы.

Әкім ведомствоаралық комиссия құруды тапсырды. Бұл комиссия жобаларды мемлекеттік сатып алуға шығармай тұрып қарап, құжаттаманың толықтығын, архитектуралық және инженерлік шешімдерді, қауіпсіздік пен экологиялық талаптарды бағалайды. Нәтижесінде жобаны қабылдау, қайта қарауға жіберу немесе сатып алуға ұсынбау туралы шешім шығарады.

Жиында құрылыс саласындағы баға белгілеу мәселесі де талқыланды. Ақшолақов мердігер ұйымдардың шығындарын ашық көрсететін Open Book жүйесін енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бұл бюджет қаражатының ашық жұмсалуына, шығындардың негізделуіне және жобаның құнын себепсіз өсірудің алдын алуға ықпал етеді.

Сонымен қатар құрылыс саласын цифрландыруға басымдық берілді. Жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы жобалау-сметалық құжаттаманы алдын ала тексеру, ықтимал қателерді анықтау ұсынылды. Мониторингтің цифрлық тетіктері мен электрондық кестелер енгізіліп, жобалардың орындалу барысы нақты уақыт режимінде бақыланатын болады.

Кездесуде білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығы да қаралды. Әкім мектеп құрылысы мен жөндеу жұмыстары оқу жылы басталар алдында емес, алдын ала шешілуі тиіс екенін атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша 10 қыркүйекке дейін комиссия құру, Open Book жүйесін енгізу, цифрлық бақылау құралдарын және жасанды интеллект технологияларын пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Ақшолақов құрылыс сапасы, мерзімдердің сақталуы, нысандардың қауіпсіздігі және бюджет қаражатын тиімді жұмсау мәселелері қатаң бақылауда болатынын айтты.

Бүгін, 19:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.