
Атырау — Доссор жолындағы «Qiwi» Сауда ойын-сауық орталығында орналасқан «Детский мир» дүкенінен табылған мерзімі өткен тауар сот талқылауына себеп болды. Санэпидбақылау қызметі сатуға қойылған жарамдылық мерзімі өтіп кеткен «ФрутоНяня» пюресінің бір құтысын анықтаған.
Заң бұзғаны үшін компания Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 6 млн 920 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады.
«Детский мир — Казахстан» бұл шешіммен келіспей сотқа жүгінді. Өтініште мерзімі өткен өнімнің соңғы бір-ақ данасы сөреде қалып қойғаны, бұл жүйелі немесе бұқаралық сипаттағы қате емес, тек қызметкердің уақытында алып тастамаған салғырттығынан болғаны айтылған.
Бастапқыда компания айыппұлды толықтай жойып, істі тоқтатуды сұраған еді. Дегенмен, сот отырысы барысында олардың өкілі кінәні мойындап, өндірілетін соманы барынша азайтуды өтінді.
Сот заңбұзушылық дерегі дәлелденгені туралы қорытындыға келді: жарамдылық мерзімі өткен тамақ өнімдерін сатуға — тауардың санына қарамастан — қатаң тыйым салынған.
Дегенмен, жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ескерілді. ӘҚБтК мұндай жағдайларда айыппұл мөлшерін 30%-дан асырмай азайтуға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде айыппұл сомасы 6 млн 920 мыңнан 4 млн 844 мың теңгеге дейін төмендетілді. «Детский мир — Казахстан» компаниясының шағымы ішінара қанағаттандырылды.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +25.4