
Қазақстан футбол федерациясы кейбір клуб өкілдерінің матчтарда басымдыққа қол жеткізу мақсатында төрешілерге заңсыз ықпал етуге тырысқаны туралы хабарлады.
Түскен ақпарат пен ықтимал қысым көрсету жағдайларын зерделегеннен кейін ҚФФ төрешілердің бірін футбол жарыстарынан мерзімсіз шеттету туралы шешім қабылдады. Оның аты-жөні, сондай-ақ клубтар мен нақты матчтар әзірге жарияланбай отыр.
Федерация ықтимал қысым, материалдық сыйақы ұсыну және жарысқа қатысушылардың жұмысына араласудың өзге де тәсілдері туралы мәліметтерді жинауды және талдауды жалғастыруда.
ҚФФ аталған жайттардың әзірге тексеріліп жатқан ақпарат екенін атап өтті. Заңбұзушылықтар расталған жағдайда, материалдар құзыретті мемлекеттік органдарға берілуі мүмкін, ал қатысы бар тұлғаларға регламенттер мен заңнамада көзделген шаралар қолданылады.
Сондай-ақ Федерация спорттық жарыстарды манипуляциялаудың ауыр түрлері үшін жауапкершілікті күшейтуді, соның ішінде қылмыстық-құқықтық салдарды қатаңдатуды ұсынуды көздеп отыр.
В Атырау +23.8